387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысының шалғай жатқан ауылдарына жоғары білімді дәрігерлер қажет

  • 118
  • UPD: 09:59, 13.09.2019

Алматы облысының Сарқан ауданына 2010 жылдан бері 140-тан аса жас маман келіп жұмысқа тұрған.

Олар үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 290 млн теңгеге баспана сатып алынды. Мемлекет ұсынған көмекті жастар тиімді пайдаланып, тұрақты жұмыс тапқан. 

Еркебұлан Жастарұлының дене шынықтыру пәнінен сабақ бергеніне екі жылдан асты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан жас маман Алмалы ауылынан үй сатып алды. Баспаналы бола салысымен, ата-анасын көшіріп алыпты.    

Айнагүл Мусина да мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін көріп отыр. Көкшетаудың тумасы Алмалы ауылындағы емханаға жұмысқа тұрды. Жобада қарастырылған жеңілдікті пайдаланып, бірнеше мәселесін оңтайлы шешті. 

Айнагүл Мусина, жас маман:

- Осы бағдарлама арқылы мен екі проблеманы шештім. Үй алдым, жұмысқа тұрдым. Күйеуім, үш балам бар, ата-енеммен тұрамын. Енді уайымдамайтын болдым.

Шалғайдағы ауылға жоғары білімді дәрігерлер аса қажет. Өйткені, емханада зейнет жасындағы мамандарды алмастыратын адам жоқ. Сондықтан мекеме басшылығы 70-ті алқымдаған Гүләйым Мектепбергенқызын арнайы шақыртып, қолқа салып қызмет істетіп отыр.

Гүләйым Мектепбергенқызы, педиатр:

- Бала дәрігері жетіспейді. Келетін болса, барлық жағдай жасалады. Оларға көмек көрсетуге дайынбыз.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асқалы Алматы облысындағы ауылдарға 7 мыңға жуық жас маман жұмысқа қабылданды. Олардың басым бөлігі білім және денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жатыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы