389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкент жылыту маусымына 90% дайын

  • 329
  • UPD: 15:21, 13.09.2019

Шымкент қаласы жылыту маусымына 90 пайыз дайын.

Дегенмен әлі де көп қабатты үйлерде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мәлімдеді. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1889 көп қабатты тұрғын үйдің 1708 дайындықтан өткен. Қазіргі таңда өңірге қатты отынның 48 пайызы тасымалданған.

Шымкентте жылыту маусымына дайындық жұмыстары жаз мезгілінде басталған. Осының арқасында тұрғын үйлердің 90 проценті дайын. Шаһардың тұрғын үй қорындағы 1449 көп қабатты үйлердің дайындығын 28 сервистік мекеме пысықтаған. Қалған 440 үй сервистік мекемелермен қамтылмаған. Бұдан бөлек, 157 көп қабатты тұрғын үйдің техникалық жағдайын тексеру қажет етуде. Сондай-ақ шаһарда 3 апатты көп қабатты үй бар. Мұндағы тұрғындар да қыс мезгілінің ерте түсуін қаламайды. Әлі пәтерлері жылыту маусымына сай емес. Жалпы қаладағы жылу жүйелерінің ұзындығы 412,9 шақырымды құрайды. Биыл соның 17,9 шақырымының ішкі орамдық жылу жүйелеріне жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары 100% аяқталыпты. Қысымды тексеру барысында 1 магистрал мен 4 ішкі орамдық жылу жүйелерінде ақау байқалып, құбырлар қалпына келтірілген. Қала халқы биыл қыстан қысылмай шығады. Алаңдауға еш негіз жоқ деп сендірді Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы.

Алтай Әлі, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:

– Жылумен жалпы қаланы Энергоорталық қамтамасыз етеді. Олардың барлығы газбен жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда газға ешқандай қарыздары жоқ. Жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр, жалпы қысқа дайынбыз. 3 күнге дейін -5 градус болған жағдайда жылу маусымы әкімнің қаулысымен басталатын болады.

Жалпы Түркістан облысы мен Шымкент қаласы жылына 1 279 596 тонна көмір тұтынады. Қазір соның 615 480 тоннасы тасымалданыпты. Тұрғындар Шұбаркөл көмірінің 1 тоннасын 13 700 теңгеден сатып алуда.

Ғабит Қадырқұл, қала тұрғыны:

– Мен осы жерден көмір аламын. Ешқандай мәселе жоқ. Бағасы 13700 теңгеден аламын.

Бауыржан Оралұлы, Ордабасы ауданының тұрғыны:

– Күн жылы.1 жылға 3-4 тонна көмір аламыз, бізге жетеді. Шұбаркөл жақсы.

Қала аумағында жалпы 476 бюджеттік мекемелер орналасқан. Білім нысандары мен денсаулық сақтау ұйымдары спорт және мәдени мекемелер 100 процент қатты отынмен қамтылыпты. Ал жылыжайлар мен коммуналдық шаруашылыққа қажетті көмір 35-40 пайызы тасымалданған. Өңірге қатты отынды жеткізуде вагондардан биыл мәселе болмайды дейді ҚТЖ жүк тасымалына жауапты Шымкент бөлімшесіндегілер.

Қайнар Исаев, ҚТЖ Шымкент жүк бөлімшесінің жетекші инженері:

– Бізден кедергілер жоқ. Келген вагондарды уақытылы орнына қойып беріп, түсіртіп жатырмыз. Бөлімшеміз бойынша күніне 100-ге жуық вагон келеді. 100 вагонда 6900 тонна көмір келеді.

Күн күрт суытар болса, жылу беруге сақадай саймыз, дейді жауапты сала мамандары. Қазір ауа райы өңірде +25 градустың маңайында.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы