386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Сарыарқа» магистральді газ құбырының алғашқы кезеңі аяқталуға жақын

  • 144
  • UPD: 15:22, 13.09.2019

Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша салынып жатқан «Сарыарқа» магистральді газ құбырының алғашқы кезеңі аяқталуға жақын.

Мамандардың айтуынша, көгілдір отын ең бірінші Қарағанды облысының Жезқазған қаласы маңындағы Талап ауылына берілмек. Қазір елді мекен ішіне газ тарту жұмыстары жүріп жатыр.

«Сарыарқа» магистральді газ құбыры Талап ауылының дәл іргесінен өтеді. Сондықтан көгілдір отын бұл елді мекенге бірінші берілмек. Қазір мыңға жуық тұрғыны бар ауылдағы әр үйге газ тарту жұмыстары жүріп жатыр.

Думан Қадыров, Талап ауылының тұрғыны:

– Ауылымызға су келген, енді газ келіп жатыр. Желтоқсан айында беріледі деген жақсы хабарды естіп жатырмыз. Бұрын көмірдің тоннасын 12 мың теңгеден алатын едік. Енді газ берсе, жылуға шығынымыз азаяды деген ойдамыз.

Қазір мұнда 2 бригада күндіз-түні тынбай еңбектенуде. Көпшілігі – жергілікті тұрғындар. Кейін станция мен газ желісін қадағалау жұмыстарына да дәл осы ауыл азаматтары тартылмақ. Ол үшін арнайы курстан өтіп, біліктіліктерін жетілдіретін болады.

Айдос Себепов, құрылыс учаскесінің басшысы:

– Магистарлды газ құбыры Талап ауылына небәрі 2,5 шақырым жерде. Осы аралыққа металл құбырлар, ал көшелерге полимер құбырлар тартып жатырмыз. Сапасы жақсы, кепілдік мерзімі 20 жылға жуықтайды. Жыл соңына дейін ауылға газ береміз. Әрі қарай Жезқазған қаласы мен жақын маңдағы тағы екі елді мекенде жұмыстар басталады.

Мемлекет басшысы өз жолдауында Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларын және Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарын келер жылы көгілдір отынмен қамтуды тапсырған болатын. Бұл мақсатқа қазынадан 56 миллиард теңге қаржы бөлінбек. Жоба бойынша болашақта 5 ірі қала мен 119 елді мекенде тұратын 3 миллионға жуық адам табиғи газдың игілігін көреді. Шамамен 6 ай от жағатын бұл өңірлердің барлығы дерлік газға көшкенде, экологиялық ахуал да жақсарады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы