387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР ДСМ: Халықтың 5% сақтандырудан тыс қалған

  • 181
  • UPD: 16:39, 13.09.2019

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 6 миллион 600 мың адам жарна аударған.

Олардың басым бөлігі – жалдамалы жұмысшылар. Ал жеңілдік қарастырылған 15 санат бойынша қаржыны мемлекет төлейді. Қазір ел халқының 5 проценті сақтандырудан тыс қалып отыр. Бұл туралы алқа мәжілісінде Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззәт Ақтаева хабарлады. Оның айтуынша, тегін медициналық көмек кепілдік берілген көлемде сақталады. Ал шұғыл көмек көрсету жалғаса береді. Естеріңізге сала кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі келесі жылдан бастап қолданысқа енеді. Қазір пилоттық жоба ретінде Қарағанды облысында жүзеге асырылуда. Жаңа жүйе медициналық көмектің сапасын ғана емес, дәрігерлердің жалақысын да арттырады.

Ботагөз Жақсылықова, ҚР ДСМ жауапты хатшысы:

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан денсаулық сақтау министрлігінің бюджетіне қосымша 600 миллиард теңге түседі. Біз соның есебінен келесі жылы дәрігерлердің жалақысын 30 процентке, орта буын медициналық қызметкерлердікін 20 процентке көтеруді жоспарлап отырмыз. 2021-2022 жылдары да қаржыландыру кезең-кезеңмен ұлғая түспек. 2025 жылға дейін біздің дәрігерлердің еңбекақысын орта есеппен 500 мың теңгеге дейін жеткізуді міндет етіп қойдық.

Хабар 24 телеарнасы