386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысының криминалдық полициясы аса қауіпті қылмыскерге іздеу жариялады

  • 157
  • UPD: 18:27, 13.09.2019
Павлодар облысының криминалдық полициясы аса қауіпті қылмыскерге іздеу жариялады

Күдіктіні ұстау кезінде оның туыстарының бірі Майқайың кентінің полиция бөлімі басшысын күрекпен ұрып, соққыға жыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басынан ауыр жарақат алған полиция қызметкері қазір Екібастұз қалалық ауруханасында жатыр. Оқиға 9 қыркүйекте болған. Баянауыл ауданына қарасты Аймауытов ауылында жүргізілген рейдтік шара барысында полицейлер аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген күдіктіні байқап, оны ұстауға әрекет жасаған. Оқиға орнынан ізін жасырып үлгерген қаскөй артынан әлеуметтік желіде «полицейлер қол жұмсады» деп бейнеролик таратқан. Аталған оқиға бойынша қызметтік тергеу жұмыстары басталды. Ал, арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында күдіктінің бұрын ауыр қылмыстары үшін бірнеше рет жауапқа тартылғаны айтылды. Соның бірі 2012 жылы қарақшылық жасап, кісі өлтіргені үшін істі болған.

Жасұлан Садықов, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының басшысы:

- 2018 жылдың қыркүйек айында бізге Тасыбаевтың алаяқтық қылмыс жасағаны туралы шағым түскен болатын. Ол құны 3,5 миллион теңге тұратын техниканы иемденіп кеткен. Ірі көлемдегі алаяқтық әрекетіне байланысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу кезінде күдіктінің ақыл-есінің дұрыс еместігі жөніндегі анықтамасының болуына байланысты сараптама тағайындалды. Тасыбаев бұрын тонау, қарақшылық, кісі өлтіру қылмыстары бойынша істі болған. Алайда сараптама қорытындысы оның есінің дұрыстығын анықтады. Бұл жолы алаяқтық және полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткені үшін жауапқа тартылады. Қазір біз ресми түрде іздеу жарияладық.

Хабар 24 телеарнасы