387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейдегі қоғамдық көлік жұмысы қашан реттеледі?

  • 150
  • UPD: 22:27, 13.09.2019

350 мыңнан астам тұрғыны бар Семейде де жолаушылар наразы.

Себебі қыркүйектің басынан бері осыған дейін халыққа қызмет көрсетіп келген №51 бағдардың 9-ы қысқарды. Әсіресе таңертең және кешке мектепке асыққан жұртқа әбігер туғызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда әкімдіктегілер «бір жұманың ішінде бәрін реттейміз» деп сендіреді. Биліктің жағымды жаңалығы – қаладағы автобустардың 80%-і жаңарған және кешке сағат 22:30-ға дейін жүретін болды.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Қазір сағат таңғы 6:00, күн ұясынан шығып үлгерген жоқ. Біз қаланың шығыс бөлігіндегі Водный кентінде тұрмыз. Мұнда 35 бағыттың соңғы аялдамасы орналасқан. Автобустардың жай-күйін жүргізушіден сұрап білейік.

- Ассалаумағалейкум аға, жұмысқа жаңа шығып жатырсыз ғой, дайындық қалай жұмысқа, көңіл-күй қалай, автобустың жай-күйі қалай?

Ерсін Баяндин, автобус жүргізушісі:

- Жұмысқа көңіл-күй бәрі жақсы, бізде бәрі жаңа автобус, жалақымыз уақытында, денсаулығымызды тексереді, дәрігерлеріміз бар, бәрі жақсы, бәрі ойдағыдай.

- Жолаушылар, халыққа қандай жағдай жасалған?

- Халыққа жететін жеріне жеткіземіз, уақытында жүреміз, кешікпейміз. Мен қазір 6.47-де шығамын, кешке 22:30-ға дейін жүремін.

Осыған дейін қалада жолаушылар тасымалымен 8 кәсіпорын айналысып, 421 автобус қызмет көрсеткен. Енді олармен әкімдік арасында 2013 жылы жасалған келісімшарт мерзімі аяқталып, жаңа байқауда 3 компания жеңімпаз деп танылды. Бұрынғы 51 бағыттан 42-сі ғана қалтырылыпты. Автобустар саны да 80-ге кеміп отыр.

Гүлжан Оразбаева, Водный кентінің тұрғыны:

- Жаңа автобустар, әрине, өте жақсы, бұлар енді таза, ыңғайлы. Барлық мәселе халықтың көпшілігінде, сондықтан бұлар тек қана жиі жүріп отырса бәрі қалпына келеді деп ойлаймын. Базардан, ауруханадан халықтың бәрі қайтып келе жатады, сол кезде қазіргі сияқты автобустар жиілеп тұрса, өте жақсы болар еді деп ойлаймын.

Бұл көріністерді Бобровка кентінің тұрғындары жолдаған. Күнде таңертең иін тірескен халық автобустарға сыймай қиналып жатқанын айтады. Тіпті сабақтан кешікпеу үшін мектепке таксимен баруға мәжбүр болыпты.

Гүлжанат Қайранова, «Мұрат» саяжайының тұрғыны:

- Халық жылдан жылға көбейіп келеді. Бобровка, «Мұрат» бәрінде кісілер тұрады. Ұсақ балалардың көбі осы жақта тұрады. Мысалы, 44-ке, 22-ге, 39-ға, барады, 11-ге барады. Бәрі Цементшілер кентінде. Автобустарды көбірек қылып шығарса. Таңғы уақытта, түскі уақытта, сосын кешкі 6-да. 13:30-да шыққан біз сағат 14:30-да әрең отырдық. 48 біреу ғана келді. Соған бәріміз мінгестік, ұсақ балалар, үлкен кісілер бәріміз қойша тиеліп, құладым мен бірден.

Әрине игі өзгерістер де аз емес. Қаладағы жаңа автобустар Семейде құрастырылған отандық өнім. Жүру кестесі де ғарыштық жүйе арқылы бақыланады. Бұрынғыдай пайда табамын деп жарысып жүрген қоғамдық көлік те жоқ. Өйткені тізгіншілер мен тексерушілер тұрақты жалақымен қамтылған. «Ал жүргізушілер жетіспеуіне байланысты орын алған уақытша қиындықтар жақын арада толық шешімін табады», - дейді қала басшылығы.

Ермак Сәлімов, қала әкімі:

-Сағат 05:00-ден кешкі сағат 22:00-ге дейін аралап жүрмін, барлығын бағыттарды көріп, халықтың пікірін естіп отырмын. Жаңадан көп аудандар ашылып жатыр, Қарағайлы, Бобровка, Мұрат. Жалпы оның бәрі бақылауда. Әрине, жүктеме таңертең болады. Барлығы жұмысқа, сабаққа барады. Сол графикті біз дұрыстап құрап, бір жұманың ішінде оның барлығын тәртіпке келтіреміз.

Қала әкімінің сөзінше, қазір тұрғындардың өтініш-тілектері жинақталып жатыр, ол бойынша тиісті шешімдер қабылданады. Ал келесі жылдан бастап электрондық билет тарату жүйесін енгізу көзделіп отыр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Қазір сағат түнгі 22:00. Біз тағы да соңғы аялдамада тұрмыз. Мақсатымыз автобустар кестеге сәйкес жүре ме, соны тексеру. Байқап көрелік. Бір автобус келген сияқты, ендеше мініп алайық. Міне, қоғамдық көлікпен кеш болса да, үйге жетуге болады екен.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы