386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаудағы Ассамблея ғимаратында «Достық» ауылы бой көтерді

  • 184
  • UPD: 22:29, 13.09.2019

Мұнда түрлі ұлт өкілі қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері ұлықталған сайысқа қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байқау шарты бойынша 20 этномәдени бірлестік өкілдері төрт топқа бөлінді. Осылайша, ауыл құрды. Әр топ Абай ақсақалдың немересінің дүниеге келуінен бастап отау тіккенге дейінгі өміріндегі қуанышты сәттерді әдет-ғұрып түрінде көпшілікке көрсетті.

Ассамблея ғимаратындағы «Достық» ауылында төрт киіз үй тігілген. Әрқайсының төбесінен сайысқа қатысушы топ атауларын көруге болады. Мәселен, «Келісім» үйінің құрамына лезгин, осетин, дұңған, шешен және қарақалпақ ұлтының өкілі кіреді. Оларға берілген тапсырма - дүниеге келген сәбиді бесікке салу болды.

Бұдан соң әзірбайжан, ұйғыр, орыс және беларусь ұлтынан құралған «Бейбітшілік» ауылы қаз басқан сәбидің тұсауын кесу рәсімін көрсетті. Ержете келе жас жігіттің көз салған қызына құда түсу ғұрыптық салтын «Бірлік» ауылы орындады. Оның құрамына қырғыз, дағыстан, неміс, украин халқының өкілдері кірген.

Ал «Ынтымақ» ауылы үйге жаңа түскен жас келіннің бетін ашу салтын көрсетті. Қазақтың салт-дәстүрлерінің қаймағы бұзылмай орындалуын әділ-қазылар алқасы мұқият бақылап тұр. Олар облыстық ардагерлер мен аналар және әжелер кеңесінің мүшелері.

Айта кетейік, «Достық» ауылына киіз үйлерді орнату, әр отаудың ішін ұлттық нақышта безендіруге аймақ кәсіпкерлері белсене атсалысты.

Раиса Мәденова, «Чосон» кәріс ЭМБ төрағасы:

- Біздің ауылдың құрамына кәріс, грузин, армян, өзбек және еврей ұлтының өкілдері кірді. Бір үйдің баласындай болып, ортақ іске жұмылып, көрермен көпшілікке «Беташар» рәсімін көрсеттік. Қазақ халқының әр салт-дәстүрі өзіндік ерекшелігімен әлемге үлгі десем артық айтпағаным болар. Оларды ардақтап, осылайша, насихаттай білсек, тұтастығымыздың бұзылмасы анық.

«Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында жүзеге асқан іс-шара «Ұлт қазынасы - бірлік» деп аталды. Оны аймақ әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұжымы әзірлеген. Бір қызығы, үлкен ауыл бастапқыда «Достық» деп аталған екен. Шара барысында көпшілік бір ауыздан Абай ақсақалдың ауылы деп өзгерте салған.

Амангүл Жайылханова, облыс әкімі аппараты жанындағы «қоғамдық келісім» кмм директоры:

- Биылғы жыл Абайдың 175 жылдығы болғандықтан, біз оны Абай ақсақалдың ауылы деп атадық. Абай ақсақалдың ауылында 60-тан астам ұлт тұрады және тату-тәтті өмір сүреді. Абай ауылына іргелес тағы төрт ауыл бар. Сол ауылдың бірінде Абайдың немересі дүниеге келеді. Немеренің атын біз Бейбіт қойдық. Себебі, бұл біздің бейбітшілікте, келісімде өмір сүріп жатқанымыздың бір мағынасы.

Танымдық байқау соңында қатысушыларға сый-құрмет көрсетілді. Аймаққа танымал тұлғалар әр ұлттың өкіліне диплом тапсырып, қазақи үлгідегі естелік бұйымдарды ұсынды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы