385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Astana Media Week-2019. Қазақ тілді YouTube-тың тамырына қан жүгірту маңызды

  • 137
  • UPD: 22:26, 13.09.2019

Астана медиа-апталығы аяқталды. Халықаралық жиынның үшінші күні танымал бейнехостингтерде контентті дамыту тақырыбына арналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар панельдік сессияларда соңғы жылдары бейне коммуникацияның қалай дамығаны айтылды. Ашық алаңда YouTube желісіндегі қазақ тілді контенттің мәселелері де көтерілді.

Телеарналар мен интернет сайттардың контенттік материалдарын YouTube-қа өткізудің жаңа форматын енгізу қажет. Астана медиа-апталығының бүгінгі талқылауында мамандар осындай бастама көтерді. Бұл бейне ақпараттарды мейлінше түсінікті, еркін бағытта беруді талап етеді. «Әсіресе, қазақ тілді YouTube-тың тамырына қан жүгірту маңызды», - дейді мамандар. Бір қызығы, Қазақстан әлем бойынша YouTube-ты көру жағынан үшінші орында тұр.

Алтынбек Құлмырзақ, «Қазақстан тарихы» интернет жобасының жетекшісі:

- Соңғы уақытта қазконтенттегі интернет жобалар, ақпарат агенттіктер, мультимедиалық контенттерге көп көңіл бөле бастады. әлемде 7 млрд халық бар десең, оның 4 млрд-қа жуығының интернетке қолжетімділігі артқан. Сондықтан кез келген халықтың қолында смартфон бар. Көпшілігі видео контенттерден ақпарат алудың жаңа тәсіліне үйреніп келе жатыр.

Цифрлық медиа дамыған сайын оған деген сұраныс та артып тұр. Соңғы жылдары қазақ тілді YouTube қалай өзгерді? Жалпы YouTube арқылы бизнес пен жарнаманы қалай дамытуға болады? Осы сынды тақырыптар бүгінгі сессияларда егжей-тегжейлі талқыланды. Отандық және шетелдік медиамамандар, бейнеблогерлер «YouTube-ты XXI ғасырдың жаңа теледидары» деп атады.

Алексей Пивоваров, журналист:

- Болашақта YouTube контентінің мазмұны басым болуы мүмкін. Себебі, көпшілігі YouTube-ты жаңа және революциялық дүние санайды. Әрине, ол технологиялық жағынан дәстүрлі журналистикадан ерекшеленеді. Десе де, телеарналар, интернет сайттар және әлеуметтік желілер болсын әрқайсының өз бағыты, өзіндік ерекшелігі бар. Бір-біріне ұқсамайтын форматы тағы  бар. Сондықтан телеарналар мен интернет арасында ешқандай қарама-қайшылықтар болмайды.

Осымен үшінші жыл қатарынан өткен Astana Media Week-те проблемалық мәселелер де көтерілді. Киноиндустрияны дамыту, жарнама нарығының ерекшелігі де қаузалды. Биылғы жылы форум алаңында 50-ден астам продакшн-компаниялар өз өнімін ұсынды. Шараға 60 отандық және шетелдік медиа-индустрияның топ-менеджерлері қатысып, тың идеялармен бөлісті.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы