385,90 427,70 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бурабайда IV республикалық әкелер форумы өтті

  • 228
  • UPD: 23:05, 13.09.2019

Мұндай ерекше жиын биыл елімізде төртінші рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақсат – әкенің қоғамда ғана емес, отбасындағы рөлін арттырып, осы арқылы рухы биік ұрпақ тәрбиелеу.

Себебі, балаға ананың мейірімімен қатар әкенің салмақты сөздері, қамқорлығы мен жанашырлығы ауадай қажет. Сонымен, келелі жиында не айтылды?

Форумға еліміздің барлық аймақтарынан үлгілі де белсенді әкелер, сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия өкілдері жиналды. Тіпті президенттің кеңесшісі де келді. Осыдан-ақ жиынның аса маңызды екенін байқауға болады. Олардың әрқайсысы әке институтын дамыту бағытындағы өз ойларын ортаға салды.

Мақсат Сқақов, ҚР президентінің кеңесшісі:

- Жалпы әкенің рөлін, әкенің күшін кім арттырады? Ең бірінші, оның асыл жары арттырады. Сондықтан бүгінгі форумға негізі әйелдерімен, жарларымен келу керек еді. Бұндағы негізгі өзек, қоғамдағы әкелердің рөлін арттыру арқылы отбасын нық қылып, ертең мықты мемлекетке айналуымыз керек деген мақсатта ғана өтіп жатыр.

Әкенің отбасындағы, одан қалды қоғамдағы рөлін күшейту үшін алдағы уақытта қолданыстағы заңнамаларға да бірқатар өзгерістер енгізілуі мүмкін. Себебі, елімізде бала тәрбиесіне келгенде әкелердің құқығы мен мүддесі мүлдем қорғалмаған. Мәселен, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның құрамында әйелдер кеңесі бар да, әкелер ұйымы атымен жоқ. Ал, ерлі-зайыптылардың ажырасуы кезінде анасы қандай адам болса да, сот билігі әкелерге еш басымдық бермейді.

Берік Рақышев, Республикалық әкелер одағының төрағасы:

- Бала кіммен қалу керек деген кезде баланы көп жағдайда анасымен қалдырады. Ол неліктен? Тағы да бұл жерде көптеген сұрақтар туындайды. Неге? Әкесі баланы баға алмайды. Жалғызбасты да әкелер бар. Ондай үлгілі де әкелер бар. Мысалы, Алматы қаласында Гарвард университетіне баласын түсіріп, жалғызбасты әке өзі оқытып шығарды. Ондай әкелерді құрметтеуіміз керек деп ойлаймын.

«Сол себепті, әкеге деген көзқарасты түбегейлі өзгертуіміз керек», - дейді қатысушылар. Өйткені бала тәрбиесінде ер адамның рөлі аналардан кем емес. Тек соны әкелер жағы сезіне білсе болғаны. Сондықтан алдағы жылдары еліміздің барлық аймақтарында әкелер одағы құрылып, осы бағыттағы істер жандандырылмақ. Ал, қазір 10 шақты өңірде ғана осындай ұйымдар жұмыс істеп жатыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы