387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандағы ірі өрттен кейін ТЖД мамандары қауіпсіздік шараларын күшейтті

  • 176
  • UPD: 23:40, 13.09.2019

Түркістанда болған ірі өрт кезінде жарақат алған құтқарушылар мемлекеттік наградамен марапатталады.

Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген болатын.

Қазір күйік шалған төтенше жағдайлар қызметінің мамандары аруханада ем-дом қабылдап жатыр. Жағдайлары тұрақты. Бейбіт күннің батырларымен «Хабар 24» арнасының түсіру тобы кездесіп қайтты.

Азаматтық қорғаныс майоры Құралбек Жұмабаев тұтас Түркістанды аяғынан тік тұрғызған өрт кезінде жарақат алғандардың бірі. 10 қыркүйекте ол әріптестерімен бірге оқиға орнына жеткен. Ештеңеден сескенбеген азамат жарылыс болғанда аздап абдырап қалғанын айтады. «Дегенмен, басты міндет іштегі адамдарды сыртқа шығару болды», - дейді азамат.

Құралбек жұмабаев, ТЖД өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметінің бас маманы:

- Өзіміздің күйгенімізді еттің қызуымен білмей, тыныс алу апаратына қосылып, адамдарды құтқаруға шығып, өзіміз әлсірегеннен кейін сол кезде жедел жәрдем қызметінің көмегіне сүйендік. Біз осы уақытқа дейін адам құтқарғанбыз, өртті сөндіргенбіз. Біздің жұмысымыз, міндетіміз болғанан кейін ол біздің көзімізге үйреншікті тірлік болып қалған.

Жарылыстан бес адам жапа шекті. Оның екеуі офицер болса, қалғаны қатардағы сарбаздар. Күні кеше олардың жағдайын білуге Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен еліміздің бас дәрігері Елжан Біртанов елордадан арнайы келді. Ал науқастардың денсаулығы ақ халаттылардың жіті бақылауында.

Хамза Досжанов, травматология бөлімшесінің меңгерушісі:

Протоколға сай өздерінің емдерін толық көлемде алып жатыр. Бір науқасқа сол бұғанасына операция жасалынды. Науқастардың жалпы жағдайы орташа. Енді осы емін ары қарай алып жатса, бір аптаның көлемінде шығыпта қалады.

Құтқарушылар өздерін батыр санамайды. «Бұл біздің жұмысымыз»,- дейді олар. Ал аталған оқиғадан кейін төтенше жағдайлар департаменті мамандары қауіпсіздік шараларын күшейтті.

Сұлтанғали Смаилов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Түркістан қаласында оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілген. Сондықтан бұл біздің практикалық күнтізбемізде бар. Мұны ары қарай нығайтамыз. Ары қарай осы газ заправкаларын да тексеретін боламыз. Тексеру жүргізілуде. Және толық мәліметті тиісті шараларын көріп, тиісті орындау мәселелерін өрт қауіпсіздігі талаптарын орындау мәселелерін нақты тапсырмалар, актілерін беретін боламыз.

Естеріңізге сала кетейік, Түркістан қаласындағы қонақ үйлердің бірінің аумағында тұрған ЗИЛ көлігі өртеніп, артынан мұндағы баллондар жарылған. Соның салдарынан қызыл жалын ғимараттың шатырын шарпыған. Қазір осы оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 292-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Рауль Габитов, Ерболат Әбішов

Хабар 24 телеарнасы