389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қауіпті дертпен ауырған мал көмілген жерге көршілес ауыл суды тарта алмай отыр

  • 216
  • UPD: 16:41, 14.09.2019

Қостанай  іргесіндегі  Заречный ауылының шет жағындағы  үйлер тиесілі инженерлік инфрақұрылымнан мақұрым қалып отыр.

Газ, су тартылмаған, жол салынбаған. Бұрын сол тұста сібір жарасымен ауырған малдың қорымы болған екен. Сондықтан ол аумақта қандай да бір құрылыс жүргізуге рұқсат жоқ. Бірақ бір қызығы, қауіпті қоныс жайлы бертін келе ғана мәлім болды. 

Ресми мәліметке сүйенсек, сонау елуінші жылдары ауылдан шамамен 300 метрдей мына жерде сібір жарасынан өлген малдар көмілген. Бірақ бұл дерек 2015 жылы ғана жарияланыпты. Сосын барып ғана тас қоршау орнатылған. Ал он жыл бұрын бұл аумақта жаппай жеке тұрғын үйлер салына бастады. Тіпті инфрақұрылыммен қамту жобасы да дайындалған. Кейін таяу тұста ауру малдың қорымы бар екендігі мәлім болған соң,оның бәріне тыйым салынды. 

Сәбит Бірімбаев, Заречный ауылының тұрғыны:

- Су жоқ, газ жоқ, мына светті өзіміз өткіздік. Осы маңайда  бәріне өткізді газды, бізге болмайды дейді, неге болмайтынын. 

Күнтай Нұғыманова, Заречный ауылының тұрғыны:

- Бізде автобус жүрмей жатыр. Анау конечныйға дейін жаяу барамыз, кішкентай балалар бар.  

Қарапайым халық қайтпек, суды тасып ішіеді, лажсыздықтан ұңғыма  қазып алғандар  да бар. Оның суы қаншалықты сапалы екендігін біліп жатқан ешкім жоқ. Түрлі аурудың жиілеп кеткендігін жергілікті тұрғындар сол ауыз судан көреді.  

Зәуре Бірімбаева, Заречный ауылының тұрғыны:

- Бүкіл балаларымыз ауырып жатыр, немерелеріміз ауырып жатыр. Қайта-қайта бәлнестен шықпайды ауырып, сол кишечный заболеваниялар осы судан. 

Ауыл әкімі ветеринарларлық талап бойынша сібір жарасы көмілген  жерден бір шақырым аумаққа дейін ешқандай құрлыс жүргізуге  болмайтындығын айтады. Он жыл бұрын жеке адамдарға жер телімдерін үлестіргенде жергілікті билік  сол маңда ондай қорым бар екендігінен бейхабар  болыпты. 

Қалыбек Жұмашев, Заречный ауылының әкімі: 

- Бүгінгі таңда тұруға болады, тұруға болмайды деп ешкім айта алмайды. Зерттеп, қарау керек. Біз именно құрылыс жағынан ешқандай әрекет жасауға болмайды деп қойып отырмыз. Проект бойынша біз өткізейін дегенде рұқсат бермеді. Енді осы жағын қарастырамыз. 

Осылайша қауіпті қоныстағы тұрғындардың жағдайы  түйінді күйде қалып отыр. Бұрынғы кеткен қателіктің салдарынан қазір билік те шарасыз. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы