388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскемендік көкөніс өсіруші кәсіпкер дабыл қақты

  • 257
  • UPD: 18:48, 14.09.2019

Өскеменде 15 жылдан бері көкөніс өсіріп, кәсібін дөңгелетіп келе жатқан Ұлықбек Зульфиев есімді іскер төккен терім далаға кете ме деп алаңдаулы.

Шаруақор жігіт жалға алып отырған аумағының жыл сайын кішірейіп бара жатқанын айтады. Жердің жалға беру құны да қымбаттап барады, дейді. Жағдай оңалмаса, келесі жылы кәсібін тоқтатуға мәжбүр болады. Ал жерді жалға берушілердің өз уәжі бар.

Ұлықбек аға-інілерімен бірге 15 жылдан бері көкөніс өсірумен айналысады. Картоп, қияр, орамжапырақтың бірнеше түрін егеді. Ауылшаруышылық ғылыми зерттеу институты алқаптарындағы 50 гектар алаңқайдың 75 пайызын жалға алып, осылай игеріп отыр. Бастапқыда жерді жалға берушілер шыққан өнімнің әр гектарынан 25 процентін беруді талап еткен.

Ұлықбек Зульфиев, кәсіпкер:

–  20 процентке дейін түсірді, 20 процент көп болған соң, тағы қарсы болдық, бізге 15 процент деді, 15 пайызға келіссеңдер келісесіңдер,келіспесе жерлеріңді айдатып тастаймыз деді. Жерді жалға аламыз, алған кісілер бізге қайта жалға береді, біз екінші арендатормыз.

Ұлықбектің алғашқы алған жер телімінде қазір күнбағыс өсіп тұр. Өйткені жалға берушілер осыны дұрыс деп тауыпты.

Осылайша жас бағбан басқа жерді жалға алып игеруге мәжбүр болады. Тіпті ол үшін көктемгі суықта, ешбір техниканың көмегінсіз қолдан арық қазуға тура келген.

Қазір суармалы алқапта орамжапырақтың түр-түрі өсіп тұр. Алайда қараусыз жатқан алаңқайлар игерілсе, жер ананың берері бұдан да көп болар еді.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Қазір 3 гектар жерге қысқы орамжапырақ егілген, алайда осыдан былай қарай бір-екі қадам аттасаңыз, 4 гектар алқапты биік арамшөп басып жатыр, жас кәсіпкер егер бұл жер маған берілсе осының барлығын іске жаратар едім дейді.

Ал жерді жалға берушілердің өз уәжі бар. Айтуларынша, бұл жер телімі ғылыми әріптестік негізінде ұсынылып отыр. Сондықтан қандай да бір пайда көру көзделмеген.

Александр Томашенко, ШҚ ауылшаруашылығы  ғылыми зерттеу институты ЖШС бас директоры:

– Институтта 100 адам жұмыс істейді. Оларды қажетті техникамен, азық-түлікпен қамтамасыз ету біздің мойнымызда. Сондықтан бұл жер, жалға да, субарендаға да берілмейді. Тек бірлескен ғылыми әріптестік. Біз оларға жер береміз, олар бізге көкөністің тиісті мөлшерін береді. Сол көкөніспен осы жердегі асханаларымызды қамтимыз. Біз бұл жігітпен әрі қарай жұмыс істейміз бе жоқ па, әлі қарастырамыз.

Ұлықбек болса, қараусыз жердің халыққа жұмыс жасағанын қалаймын дейді. Бұл ойына жақында Президент жолдауында айтылған сөздер де серпін беріпті.

Осылайша жас кәсіпкер қала сөрелерін арзан бағадағы көкөністермен қамтуға ниетті. Алайда әзірге мақсаты жүзеге аспай отыр. Ал шаһардағы баға болса күн санап шарықтап барады. Өйткені көкөністердің көбі шеттен тасымалданады. 

Ал өңірде 200 мың гектар суармалы жер болса, соның 140 мың гектарға жуығы ғана қолданылып отыр. Қараусыз қалған жерлерде суару каналдары тозып біткен. Оларды қалыпқа келтіріп, суармалы жер  көлемін 2 есе арттыру үшін 250 миллард теңгедей қаражат қажет.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы