389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыр өңірінде күріштің өнімділігі артып келеді

  • 369
  • UPD: 20:27, 14.09.2019

Соңғы жылдары Сыр өңірінде күріштің өнімділігі артып келеді.

Бір жылдары әр гектардан 30 центнер жинаудың өзі мұң болса, қазір шаруашылықтардың алды 70-80 центнердан өнім алып отыр. Диқандар бұл – агротехниканы ғылымға икемдеудің жемісі дейді.

Мархабат Әзизовтың комбайн тізгіндегеніне 40 жылға жуықтады. Содан бері техниканың түр-түрін жүргізді. Бірақ ең озығына енді ғана қолымыз жетті, дейді. Құны 135 миллион тұратын «ақылды» комбайнның артықшылығы көп.

Мархабат Әзизов, комбайыншы:

– Бункер қашан толады, бәрін өзі көрсетіп тұрады. Күріштің ылғалдығын да көрсетеді. 0,15-тен асса тоқтатып, шамалы күтеміз.

Қодаманов ауылындағы бұл шаруашылық қымбат болса да заманауи техникаға иек артып отыр. Өйткені оның иігілі еселеп қайтуда. Мәселен, мына жайқалған алқаптың күріші тығыз әрі бітік шығып тұр. Егінді балаша мәпелесең Жер ана алдамайды, дейді диқан қауым.

Бауыржан Көпеев, шаруа қожалық төрағасы:

– 30, 25 центнерге дейін түсіп кеткен уақыттар болды. 2015 жылдан бастап тұқым шаруашылығы статусын алып, содан бері жаңа сорттар енгізіп, күтіп-баптап, керекті тыңайтқышын, химикаттарын, вакциналарының бәрін бергеннің арқасында оны 70 центнерге алып бардық.

Күрішті күтіп-баптаудың агротехникасын да ғылыми ұсыныстар негізінде қолдану маңызды. Жерді лазерлі тегістеу, үстеп қоректендіру, тұқым жаңарту, ауыспалы егістік арқылы жер құнарын арттырудың нәтижесі ойдан шығып отыр.

Бақытжан Дүйсембеков, қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бас директоры:

– Күрішті жылдан жылға бір жерге еге беретін болсақ, ол жер батпақтанып, оның тұздылығы яғни сорланған жерлер көбейіп бара жатыр. Соларды қалпында сақтау үшін ауыспалы егіске түйежоңышқаларын енгізген абзал және қан құмайлары деп жатырмыз. Бұлар топырақтағы тұзды өзіне сіңіреді әрі тұзды жерге төзімді, екіншіден топырақты қалпына қайтып келтіреді.

Биыл Сыр өңірінің басты дақылы жалпы егіс көлемінің 88 мың гектарын еншіледі. Алдағы жылы Қызылорда облысында егілетін күріш алқабының 20-25 процентін отандық жаңа сорттармен қамтамасыз ету жоспарда бар. Ал 2021 жылға дейін оның ауқымы 50-55 процентті құрауы тиіс. Аймақта соңғы рет жергілікті күріш сорты 1983 жылы енгізілген. Сол жылдары ауыл еңбеккерлері әйгілі «Маржан» сортынан мол өнім жинаған болатын.  

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы