389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Францияда өткен мал шаруашылығы көрмесінде екіжақты ынтымақтастық талқыланды

  • 186
  • UPD: 09:53, 15.09.2019

Отандық ауылшаруашылық саласының мүмкіндіктері Францияда өткен мал шаруашылығы көрмесінде паш етілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шара аясында өзге екіжақты форум ұйымдастырылып, Францияның жетекші компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Францияның Бретань аймағының орталығында өткен көрме маңыздылығы жағынан әлемде екінші орынды иеленеді. Мұнда жыл сайын дүниежүзінің түкпір-түкпірінен 100 мыңнан астам адам келеді. Сондықтан халықаралық көрме еліміздің осы саладағы мүмкіндіктерін көрсету үшін таңдап алынды.

Шара аясында форум ұйымдастырылып, отандық ауыл шаруашылығы саласының қалай және қандай бағытта дамып жатқандығы жайлы баяндалды. Еліміздің Франциядағы елшісі Жан Галиев мемлекет басшысы жолдауындағы басымдықтарға тоқталды. Әлеуетті инвесторларға түрлі жобалар ұсынылды. Жергілікті сарапшылар оларды зерттеп, ынтымақтасық бағыттарын қарастырды.

Бернар Валла, Франция ет өңдеу өнеркәсіптері қауымдастығының басшысы:

Қазір нарықта өнімдердің сапасы мен оларға сұраныс мәселесі өзекті. Сондықтан бұл жайттарға ерекше көңіл бөлу керек. Қытай мен Ресей нарықтарының сұранысын зерттеу қажет. Францияның бұл істе тәжірибесі мол. Қазақстандық әріптестермен ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отырмыз.

Еліміздің делегациясы форум шеңберінде француз бизнес өкілдерімен бірнеше кездесу өткізді. Біздің өндірушілерді ең алдымен озық технологиялар қызықтырса, жергілікті компаниялар Қазақстанда Қытай мен Ресейге өнім шығаратын өндірістер ашуды қалайды.

Жандос Құрманов, ҚР Ауыл шаруашылығының вице-министрі:

- Француз кәсіпкерлері бізге өз брендтерімен келе алады. Осылайша, олармен бірге өнімімізді экспортқа шығаруға мүмкіндік туады. Бұдан бізге келетін пайда көп. Себебі өніміміз еуропалық талаптарға сай жасалады.

Кездесу соңында инвестиция саласындағы ұлттық мекеме әлемде жануарларға арналған екпе өндірушілермен және етті өңдеу саласындағы жетекші бірлестіктермен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Авторлары: Алия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы