389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбылдық шаруалар қант қызылшасын рекордтық мөлшерде жинауды жоспарлап отыр

  • 239
  • UPD: 13:00, 15.09.2019

Жамбыл облысында күзгі жиын-терім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Өңір шаруалары дәнді-дақылдарды толықтай орып, қамбаға 800 мың тонна дән түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 22%-ке артық. Аймақта техникалық дақылдарды жинау жұмыстары да басталып кеткен. Бүгінде 10 мың гектар картоптың жартысынан көбі жинап алынды. Енді шаруалар қант қызылшасын дер кезінде теріп алуға дайындалуда.

Биыл Жамбыл өңірінде қант қызылшасы алқабының көлемі  жылдағыдан әлдеқайда кем. Жыл басында балтамырды 9 мың гектар жерге себу жоспарланған. Алайда қант зауыттары шаруаларға өткен жылғы өнімнің ақшасын уақытылы төлемегендіктен шаруалар тәуекелге бармады. Салдарынан қант қызылшасы бар-жоғы 5600 гектарға себілді.

Иса Фейзулов, шаруа:

Біз 100 гектар егейін деп едік, 50 гектар ектік. Көбінде сондай. Мен көбін танимын. Азайтты көбі. Не себепті азайтты? Себеп болғанда, зауыт ала ма? Алмайма ма? Ақшаны бере ме ? Бермей ме? Әлі былтырдан қарыз. Біз мына жылды егейін деп жатырмыз. Сол бір сұрақтар болды. Кейін шешілді. Ектік.

Иса Фейзулов қант қызылшасын жинауды қазан айында бастамақ. Бірақ шаруаның көңілінде әлі де болса күдік бар. Десе де, ол биыл өнім ерекше мол болатынын айтып отыр.

Ербол Кенжахметов, агроном:

Жалпы осындай десек те болады барлығы. Міне, осындай қызылша. Бұл әлі өседі. Қазір қызылша күн салқында өседі. Міне, енді өсіп, жетіліп жатыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

Жергілікті шаруалар қант қызылшасын рекордтық мөлшерде жинап алуды жоспарлап отыр. Оған ауа райының қолайлылығы тікелей әсер еткен. Шаруалар биыл әр гектарынан 900 центнерге дейін өнім алуды көздеп отыр. Бұл соңғы бірнеше жылда болмаған көрсеткіш. Өнімнің жақсы шыққанын балтамырдың түбіне қарап байқауға болады. Қараңыз. Міне, мына бір түп. Міне, жапырағын есептемегенде шамамен 4-5 келідей шығады.

Былтыр аймақта 8 мың гектарға жуық жерге балтамыр егіліп, шаруалар зауыттарға 126 мың тонна өнім өткізген. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары биыл қант қызылшасы алқабының көлемі аз болғанымен өнімділік жоғары болады деп сендіріп отыр.

Ерлан Құлкеев, облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары:

Былтыр гектарына 270 центнерден болатын болса, биылғы жылы 350 центнер жоспарланып отыр. 90 центнерге ұлғайып келе жатыр. Яғни, оның барлығы заманауи технологияларды қолданып, тыңайтқыштарды қолданып, әр гектардан жоғары өнім алуға мүмкіншілік болып тұр.

Облыста қант қызылшасы Тараз бен Меркі қант зауыттарында қабылданады. Бұл жұмыстар қыркүйек айының соңына қарай басталады. Статистикаға сәйкес бір адам жылына 18 келі қант тұтынады. Халық санына шаққанда облыстың қажеттілігі 20 мың тоннадан асады екен. Мамандардың есебі бойынша биыл алынған балтамыр 15 мың тонна қант шығаруға жетеді. Бұл аймақтың 73%-ін қамтамасыз етуге жеткілікті.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы