384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде мал шаруашылығын ірілету үшін заманауи генетикалық-селекциялық орталық ашу қажет

  • 267
  • UPD: 15:06, 15.09.2019

Франция мен Қазақстан билігі ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында кейбір талаптарды қайта қарастырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді фермерлерге ғалымдар көмектеседі. Олар ең алдымен екі елде де генетика мен селекция саласын дамыту қажет деп санайды.

Францияның ірі қарасы бүкіл әлемге өзінің өнімділігімен танымал. Мәселен, сиырдың шаролез тұқымының орташа салмағы 750 келіге жуық. Ал, сүтті бағыттағы голштейн тұқымы күніне 65 литрге дейін сүт береді. Қазақстандық фермерлер дәл осындай мол өнім алуды қалайды. Оған қол жеткізу үшін ғалымдар да тынбай жұмыс істеп жатыр. Екі тарап та елімізде мал шаруашылығын ілгерілету үшін ең алдымен заманауи генетикалық-селекциялық орталық ашу қажет деп санайды. Қазірдің өзінде Францияның осы саладағы жетекші компаниялары бірігіп жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр.

Сириль Жосс, «Evolutioninternational» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі менеджері:

- Қазақтың ақбас сиырын өсіретін фермерлер оның салмақ қосуына баса назар аударады. Францияның лимузин, шаролез немесе ақ аквитандық сияқты тұқымдары да оған бейімделуі мүмкін. Ақ бас сиырлар төзімді болып келсе, ал Францияның ірі қарасы ет сапасын жақсартып, 100-250 келіге дейін салмақ қосуға мүмкіндік береді.

Қазақстандық мамандар шетелдік әріптестерімен байланыс орнатып, іс-тәжірибе алмасуды көздейді. Қазір олар Францияның мал өсірумен шұғылданатын өңірлерін аралап жүр. Етті-сүтті бағыттағы ірі қара тұқымына селекциялық зерттеулер жүргізіп көрмек. Бүгінде малдың саны емес, оның сапасы басты орында екендігін бәрі жақсы біледі. Сондықтан қаржыны генетика мен селекциядан үнемдемеу қажет деп біледі.

Болат Сейсенов, мал шаруашылығы ғылыми-инновациялық орталығының директоры:

- Мал шаруашылығына Үкімет барынша қолдау көрсетіп жатыр. Бүгінде малды өсіруге қатысты шаруалардың көзқарасы оң бағытқа өзгерді. Бұрынғыдай санға емес, қазір сапаға қарайды. Яғни, асыл тұқымды малдан өнім де, табыс та мол болатындығын жақсы түсінеді.

Сала мамандарының айтуынша, екі ел арасындағы ынтымақтастық қазақстандық ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сонымен қатар салада генетика мен селекцияны дамытуға мүмкіндік бермек.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы