389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бас көлік прокуратурасы автобус пен пойыздың соқтығысуын тергеуді бақылауға алды

  • 265
  • UPD: 10:47, 16.09.2019
Бас көлік прокуратурасы автобус пен пойыздың соқтығысуын тергеуді бақылауға алды

Еліміздің бас көлік прокуратурасы Алматы облысындағы Шамалған станциясында болған апатты тергеуді өз бақылауына алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін 15 қыркүйек күні Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде Алматы-Қостанай бағытындағы пойыз жолаушылар автобусымен соқтығысты. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға орнында бір адам қайтыс болды. 4 адам түрлі дене жарақатын алды. Аталған факті бойынша полицейлер ҚР ҚК 345-бабы 3-тармағы; ҚР ҚК 344-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу барысын Бас көлік прокуратурасы бақылауға алды» делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан ресми ақпаратта.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысты. Алдын ала болжам бойынша автобус темір жолдың рельсіне шығып кеткен. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болды. Тағы үш адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде поезд бен автобус соқтығысынан жапа шеккендердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Алматы облысының Шамалған станциясында болған апатқа байланысты жедел штаб құрылды.

Осы оқиғаға байланысты Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылып, жедел желі іске қосылды. Қазір онда Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы жарақат алғандардың жағдайы туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы Шамалған станциясында болған апатқа байланысты көңіл айтты.

«Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы да өз сайтында болған оқиғаға қатысты хабарлама жариялады.

Шамалғандағы апат болған жерге жақын ауруханалар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Ал ҚР ІІМ өкілдері пойыз бен автобус соқтығысқан жерде тәжірибелі тергеу тобы жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеді.

Жалпы, бұл жерге тұрғындар бұрын көпір салып беруді сұраған екен. Қазіргі уақытта Ақсеңгір-Шамалған бағытындағы теміржол қатынасы қайта ашылды.

Айта кетейік, Алматы облысының Шамалған станциясында қатты жүріп келе жатқан пойыз өз жолында тұрған жолаушылар автобусына соқтығысып, салдарынан автобус жүргізушісі қаза тапты.

Хабар 24 телеарнасы