389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Туризм саласындағы Ұлттық сыйлыққа өтініш қабылдау қазан айында басталады

  • 211
  • UPD: 11:24, 16.09.2019

Туризм саласындағы екінші Ұлттық сыйлыққа өтініштер қабылдау қазанның бірінде басталады. Байқауға туркомпаниялар, демалыс аймақтары мен шипажайлар, балалар лагерьлері мен туризм саласындағы өзге де ұйымдар қатыса алады. Бұл шара ішкі туризмнің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлерді ынталандырып, қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.

Бүгінде отандық туроператорлар көбіне қазақстандық турларды сатуға ниетті. Өйткені азаматтар соңғы уақытта ішкі туризмге ден қойып отыр. Бұған теңгенің құнсыздануы себеп. Бір ғана мысал. Алакөлде демалатын туристердің дені демалыс аймағына туроператорлар арқылы жолдама алуда. Келешекте Ұлытау, Шығыс және Батыс Қазақстан бағыттарына турлар ұйымдастыру жоспарда бар. Осылайша отандық туризмнің дамуына үлес қосып жатқандар биыл құрметке бөленіп, марапатталмақ. Елімізде туризм саласындағы екінші Ұлттық сыйлық шарасы ұйымдастырылады. 

Тимур Дүйсенғалиев, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:

- Тәуелсіздік таңы атқан тұста туроператорлардың дені қазақстандықтарды шетелге демалуға жіберетін. Ол кезде бұл заңды құбылыс болған. Шекара ашылғаннан кейін жерлестеріміз жырақтағы өмірмен танысқысы келді. Алайда мұндай компаниялардың арасында шетелдік туристерді Қазақстанға тартумен айналысқандар да болды. Қазір олардың саны артып келеді. Осылайша отандық туризмнің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқандардың еңбегін енді елеу керек.  

Байқауға қатысу үшін өтініштерді қабылдау қазанның бірі басталады. Ұлттық сыйлықты алуға үмітті туркомпаниялар, демалыс аймақтары мен шипайжалар, балалар лагерьлері мен туризм саласында жұмыс істейтін басқа да ұйымдар 10 номинация бойынша бақ сынасады. 

Тимур Дүйсенғалиев, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:

- Бұрын туризм саласында еңбек ету қиындау еді. Жұмыс маусымдық болғаннан кейін онымен тек бірен-саран компаниялар айналысатын. Қазір отандық туризмге шағын бизнес те, ірі кәсіпкерлер де инвестиция сала алады. Өйткені бұл саланың әлеуеті зор. Бүгінде қазақстандық туристер ішкі өнімдерді тұтынып отыр. 

Кристиан Мур, халықаралық қонақ үй желілерінің топ-менеджері:

- Бүгінде Қазақстанда инвестициялық мүмкіндіктер көбейіп жатыр. Ішкі туризмге қаржы салып жатқан компаниялар саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда Қазақстан - бүкіл әлем үшін жаңа нарық. ЭКСПО көрмесінен кейін сіздің мемлекетке шетелдік туристердің қызығушылығы артты. Енді олар Қазақстанға келіп, ел ішімен етене танысуға ниетті. 

Марапаттау рәсімі Елордада желтоқсанның алтысына белгіленген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау бизнесмендерді ынталандырып, ішкі туризмнің дамуы һәм қызмет көрсету сапасының артуына қарқын бермек. 

Авторлары: Ж.Біркенов, Е.Кемшінбек

Хабар 24 телеарнасы