385,01 426,40 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шамалғандағы апат: Оқиға хронологиясы

  • 917
  • UPD: 12:42, 16.09.2019

Ақсеңгір - Шамалған пойыз жол өткеліне жергілікті жұрт айдар тағыпты.

Естігеннің жаны түршігеді. «Өлім өткелі», оған осындағы апаттар негіз болса керек. Кеше тағы да кісі өлімі тіркелді. Шамалғанның шойын жолындағы апат салдарынан өткелде қалып қойған автобус жүргізушісі қайтыс болды. Ал ауыр дене жарақатын алған 33 жастағы әйел екі баласымен Қарасай аудандық орталық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.

Бұл бейнекадрларды оқиғаның күәгерлері түсірді. Ұзын-сонар кептеліске тірелген қоғамдық көлік теміржол бойында қалып қойған. Апатты көрген куәгерлердің айтуынша, автобус жол ортасында қалғанда екі жақтан да жолды бөгейтін құрылғылар жабылған. Ал Алматыдан батыс бағытты бетке алып келе жатқан жолаушы пойызының тежелуіне еш мүмкіндік болмаған.

Серік Қармысов, Шамалған ауылының тұрғыны:

– Автобус ортаға кіреді де, не артқа, не алдыға жүре алмай қалады. Кейін пойыз келіп соқтығысты.

Қақтығыстан автобус жүргізушісі сол мезетте жан тапсырды. Ал сол уақытта көлік ішінде болған 33 жасар әйел екі баласымен аса ауыр дене жарақатын алып, Қаскелен қаласындағы ауруханаға шұғыл жеткізілді. Ал жолаушылар пойызының жолаушылары медициналық көмек алу үшін хабарласпаған. Ауруханаға түскен жандарға дәрігерлер көмек көрсетіп жатыр.

Өмірзақ Ниязбеков, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Үш адам түсті. Анасы және екі қыз. 3-5 жасар арасында. Екі бала өте ауыр халде. 5 жасар қызға ота жасалды. Қатты жарақаттан шекесіндегі сүйегі сынған. Мамасына қазір консерватрлық көмек жасалынып жатыр.

Ақсеңгір-Шамалған бағытындағы теміржол қатынасы түнгі сағат 12:30-да қайта ашылды. Арнайы техниканың көмегімен апатқа ұшыраған автобус шойын жол бойынан шығарылды. Апаттың себеп-салдарын анықтайтын арнайы штаб құрылды.

Алмас Садуақас, тілші:

– Шамалған ауылындағы дәл осы тұс өте қауіпті аймақ саналады. Өйткені мұнда күндіз де, түнде де пойыз жүйткіп, автокөліктер жиі жүреді. Соның салдарынан жол көлік апаты жиі болады.

Теміржол өткелінен жаяу жүргіншілердің еркін жүруі де қиынға соғады. Бұл жерге автокөліктер үшін аспалы көпір орнаты мәселесі бірнеше жыл бойы айтылып келеді. Алайда ол қашан қолға алынаты әлі белгісіз.

Алматы облысының Шамалған станциясында болған апатқа байланысты жедел штаб құрылды.

Осы оқиғаға байланысты Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылып, жедел желі іске қосылды. Қазір онда Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы жарақат алғандардың жағдайы туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы Шамалған станциясында болған апатқа байланысты көңіл айтты.

Еліміздің бас көлік прокуратурасы Алматы облысындағы Шамалған станциясында болған апатты тергеуді өз бақылауына алды

Шамалғандағы апат болған жерге жақын ауруханалар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Ал ҚР ІІМ өкілдері пойыз бен автобус соқтығысқан жерде тәжірибелі тергеу тобы жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеді.

Жалпы, бұл жерге тұрғындар бұрын көпір салып беруді сұраған екен. 

Айта кетейік, Алматы облысының Шамалған станциясында қатты жүріп келе жатқан пойыз өз жолында тұрған жолаушылар автобусына соқтығысып, салдарынан автобус жүргізушісі қаза тапты.

Авторлары: Алмас Садуақас, Мұқит Құдықбаев, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы