389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғанда көлік қозғалысын қиындатқан мәселе шешімін таппай тұр

  • 192
  • UPD: 14:20, 16.09.2019

Әрбір сенбі мен жексенбіде Талдықорғаннан Алматыға шыға берістегі күре жолда көлік қозғалысы қиындайды.

Бұған айналманың жанындағы жерге таксистердің топтасуы, жолаушылардың көптеп жиналуы себеп. Өзекті мәселе бірнеше рет көтерілгенімен өз шешімін таппай келеді.

Қадырғали Жалайри көшесіндегі күнделікті көрініс осы. Алматыға қарай ағылған жұртшылық осы жерде қол көтеріп, такси тосады. Әсіресе демалыс күндері мен мерекеде жолаушы саны күрт көбейеді. Сол кезде тұрғындар күре жолдың ортасына дейін шығып, көлік қозғалысын қиындатады.

Қайрат Әбдірахман, қала тұрғыны:

– Жолаушылар такси ұстау үшін жолға шығып кетеді. Бұл жүргізуші мен қала тұрғынына да қауіпті. Такси тоқтатып тұрғандарды көлік қағып кетуі мүмкін. Жүргізушілер де жазатайым жағдайға душар болмасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Жолаушылар көптеп келетіндіктен, таксистер осы жерді өз автотұрағына айналдырған. Көлік қозғалысын реттеу мақсатында полицейлер бейнекамера орнатты. Ал жергілікті билік тоқтауға болмайды деген белгі қойған. Тыйым салынғанымен, одан еш нәтиже шыққан жоқ. Өйткені жүргізушілер жолдың бойында емес, жанармай бекетінің аумағында тұрып адам жинауға көшті. 

Асқар Нұрсапа, қалалық полиция басқармасының бастығы:

– Жанармай құю бекетінің аумағы жекеменшік жер болып есептеледі. Сондықтан біз оларға арнайы хат жолдадық. Көліктерді қойғызбау немесе арнайы орын ыңғайластыру керектігі туралы ескерттік. Ал жол бойына қазір көлік қойылмайды. Біз оны үнемі бақылауда ұстап отырмыз.

Кішігірім автобекетке айналған бұл жерден нәпақасын тауып жүрген жүргізушілердің де кеткісі жоқ. Жолға шыққан жолаушылар да үйренісіп қалған. Сондықтан көлік қозғалысын қиындатқан мәселе басы ашық күйінде қалып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы