389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда жұмыссыздар 30 мамандық бойынша тегін кәсіп меңгеруде

  • 321
  • UPD: 14:30, 16.09.2019

Ақтау тұрғындарының тегін кәсіп меңгеріп, жұмысқа орналасуына мүмкіндік туды.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыссыз жандар 30 мамандық бойынша оқып жатыр. Арнайы сертификат алған соң, еңбекпен қамтылады. Ал бизнес жобаларын қорғаған оқушылардың жеке кәсібін бастауына мемлекеттік грант беріледі.

42 жастағы Алтынай Бақтыбаева бала күнгі арманына бір табан жақындай түсті. Жылдар бойы есепші болып еңбек еткен ол жақында мамандық ауыстырмақ. Қаладағы оқу орталығында шаштараз кәсібін меңгеріп жатыр. 3 аптаның ішінде білікті мамандардан шашты қию, бояу мен әрлеудің құпияларын үйренді. Енді бір аптадан соң арнайы сертификат қолына тиеді.

Алтынай Бақтыбаева, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушы:

– Шаштараз мамандығын бұрыннан қалайтынмын, бірақ қолжетімді емес еді. Жекеменшікке оқитын болсақ, 150 мың теңге. Ал мына жерде мемлекет бізге үлкен көмек беріп жатыр. Ризамыз. Болашақта өзімнің бизнесімді бастап, салонымды ашқым келеді.

Аталған орталықта жұмыссыздар тізімінде тұрған азаматтар 30 мамандық бойынша тегін кәсіп меңгеруде. Олардың бір тобы құрақ құрап, киім тігуді, енді бірі бет әрлеп, әсемдеуді, тағы бірі массаж жасауды үйреніп жатыр. Мұнда сондай-ақ электрогаз дәнекерлеуші, слесарь, графикалық дизайнер, аспаз, есепші сияқты мамандықтарға қысқа мерзімді оқу курсы өткізіледі.

Қытай Құсайынова, қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Мемлекеттік бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы, жеке кәсібін ашу үшін мемлекеттік грантқа қол жеткізе алады. Негізінен көп балалы отбасылардың мүшелері, мүгедектер мен жалғызбасты аналар қамтылады. Бизнес жобаларын қорғаған азаматтарға 505 мың теңге беріледі. Қазір бұл грантты алуға 10 адамнан тапсырыс түсті.

Мамыр айында басталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 283 адам кәсіп игеріп, арнайы сертификатқа қол жеткізді. Олардың 20-сы тұрақты жұмыспен қамтылды. 3 қатысушы жеке бизнесін бастап, өзгелерді жұмыспен қамтуға кіріскен. Жыл соңына дейін тұрғындардың сұранысына орай, тағы да бейнеоператор, мемлекеттік сатып алушы мен аудармашы сынды мамандықтарды оқыту жоспарланып отыр, дейді оқу орталығының басшылары.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы