389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысына іргелес жатқан ауыл халқын судың сапасы алаңдатып отыр

  • 205
  • UPD: 13:07, 16.09.2019
Павлодар облысына іргелес жатқан ауыл халқын судың сапасы алаңдатып отыр

Ертіс өңіріндегі Теміржолшылар кенті облыс орталығына жақын орналасқан.

1991 жылы іргесі қаланған елді мекенде шешімін таппаған мәселе көп. Қарапайым ауыл халқын әсіресе судың сапасы алаңдатады. Орталықтандырылған су жүйесінің тозығы жеткен. Тот басқан құбырлардан келетін су ішуге жарамсыз. Қысымның аздығы бақша суаруға да мүмкіндік бермейді. Қалыптасқан жағдайды өз беттерінше шешуге тырысқан тұрғындар аула ішінен құдық қазып алған.

Судың тапшылығынан Александра Исаенконың бақшасындағы жеміс ағаштары қурай бастаған. Зейнеткердің теміржолшылар кентіне көшіп келгеніне 18 жыл болыпты. Ауылға жаңа су жүйесінің керектігін айтып жоғары жаққа талай мәрте шағымданыпты. Ескі құбырдан келетін тіршілік нәрі ішуге жарамсыз. Қысымы төмен болған соң бақша суаруға да жетпей қалады.  

Александра Исаенко, ауыл тұрғыны:

– Су бізде бар, бірақ біз оны кір мен ыдыс жууға пайдаланамыз. Өйткені судан жағымсыз иіс шығып тұрады. 1991 жылы салынған су құбырлары ешқашан ауыстырылмаған. Мен бұл туралы әкімдікке ескертіп-ақ келемін. Бес жыл бойы хат жаздым.

Ауылды ауыз сумен қамту мәселесі араға 30 жыл салып оң шешімін табатын болды. Қазір көшелердің бәрінде ұзыннан ұзақ ор қазылған. Су жүретін құбырлар тұрғындардың үйлеріне дейін төселіп жатыр. Биыл 12 шақырымдық магистральді желі салу жоспарланған.

Теміржолшылар кентінде ауыз су мәселесі шешімін таба бастады. Ал осы ауылға қарама қарсы тұрған саяжай учаскелеріндегі халықтың жағдайы көңіл көншітпейді. Ондағы халық тікелей облыс орталығына қарайды. Тұрғындардың айтуынша электр қуатына тарифті екі есе қымбат төлейді. Суды өздері қазған құдықтан ішуге мәжбүр.

Қалаға тиіп тұрған Теміржолшылар кенті даму үстінде. Қазір тұрғындарының саны 2 мыңнан асқан. Ауылда мәдениет үйі мен бастауыш мектептен өзге әлеуметтік нысан жоқ. Балалар 4-сыныптан кейін қалаға қатынап оқиды.

Саяжай учаскелерінде баспана салып алған 200-дей шаңырақ өздерін Теміржолшылар кентіне қосуды сұрап отыр. Ал осыдан бірнеше жыл бұрын бұл елді мекеннің өзін көрші Жетекші ауылымен біріктіру сөз болған.

Мұрат Кісембаев, жергілікті қауымдастықтың төрағасы:

– Ауылымыз дамып келе жатыр. 4 жылдық мектеп бар. Дегенмен мектеп тар. Бірінші сыныптан 4-сыныпқа дейін 54 бала оқиды.

Тұрғындар ауылдың болашағына сенеді. Үйлер салынып жатыр. Жергілікті билік биыл ауыз су мәселесін шешіп берді. Келер жылы жолдарға асфальт төселеді. Депутаттардың көмегімен көшелерге қоқыс контейнерлері орнатылыпты.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы