389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаңаарқалық қыз-келіншектер қымыз пісуден әлемдік рекорд орнатты

  • 380
  • UPD: 17:10, 16.09.2019

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының қыз-келіншектері әлемдік рекорд орнатты.

Мың күбіге10 мың литр қымыз құйып, бір мезетте пісті. Тарихи сәтті тіркеу үшін Гиннестің рекордтар кітабының Кубадағы өкілі Юделькис Диас елімізге арнайы келген. Игі шара Жаңарқа ауданының 90 жылдығына және сұңқар ақын Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Бұл күні әлемдік рекорд орнату үшін 14 елді мекеннен мың келіншек жиналды. Ақ жаулық жамылған аналарымыз 10 тонна қымызды мың күбіге құйып, бір мезетте пісті. Кез келген қымыздың дәмді болуы ең әуелі баптауына байланысты, - дейді Көктау ауылынан келген Назым Исина. 

Назым Исина, Көктау ауылының тұрғыны:

– Қымыздың дәмді болуы күбіге байланысты. Таза болу керек, қайыңмен ыстау керек. Сосын пісуге байланысты. Көбірек піссеңіз, қымыз да дәмді болады. Шөпке де байланысты. Кейбір қымыздар қою болады, жеріне, құнарына байланысты. Ал кейбір қымыздар сұйық, көкшіл болады.

Тарихи сәтті Гиннестің рекордтар кітабына тіркеу үшін Кубадан аталған ұйымның өкілі Юделькис Диас арнайы келген. Ол аралап жүріп тексеріп, әлемдік рекорд орнатылғанын ресми растады. Осылайша аудан әкіміне сертификат табыстады.

Жалпы бұл шара Жаңарқа ауданында қымызбен, саумалмен емдейтін санаторий салуға инвестор тарту үшін жасалған. Әрі мақсатымыз – Сарыарқаның сары қымызын жалпақ әлемге паш етіп, ұлттық брендке айналдыру, - дейді ұйымдастырушылар. 

Юделькис Диас, Гиннестің рекордтар кітабының өкілі:

– Мұндай рекорд әлемде алғаш рет тіркеліп отыр. Өте әдемі, алған әсерім керемет. Енді нәтижесі бір ай ішінде біздің сайтта жарияланады. Барлығын тексірдім, рекорд орнатылғанын растаймын.

Игі шараны тамашалауға келген халық санында есеп жоқ. Бұл күні осы өңірдің тумасы, сұңқар ақын Сәкен Сейфулиннің 125 жылдығы да кең көлемде аталып өтті. Ұрпақтары Алаш ардақтысына арнап ескерткіш қойып, саябақ салған. 240 түп ағаш егіпті.

Мерекеде жас ақын-жазушылар арасында өткен мүшәйра жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ жұрт палуандар күресі мен аламан бәйгені тамашалады. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы