389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыста қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын

  • 246
  • UPD: 17:57, 16.09.2019
Арыста қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын ult.kz

Арыс қаласындағы кейбір тұрғындар үйлеріне жөндеу жұмыстарын жасауға келіспей отыр.

Олар үйлерін толықтай сүріп тастап, қайта салуды талап етуде. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге қатысты өткізген аппараттық жиында айтты.

«Жалпы, 7500-ден астам үйдің арасында санаулы үй иелері сараптау қорытындысымен келіспей отыр. Олар күрделі жөндеудің орнына үйлерін түгел сүріп тастап, қайта салуды талап етуде. Барлығына ескертулер жасалды. Бұл мәселелер жақын күндері шешімін таппақ», – деді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ербол Ахметов.

Арыс қаласындағы құрылыс және қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі кезде толықтай сүріп тастап, жаңадан салынып жатқан үйлердің құрылысы тәулік бойы тынымсыз жүріп жатыр.

«Қазіргі уақытта Арыс қаласында жөндеуді қажет ететін 7 163 нысанның ішінде 7154 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып, ішкі жөндеу жұмыстары жалғасуда», – деп хабарлайды Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ал қалпына келтіру жұмыстарына 126 құрылыс компаниясы, 4 мыңға жуық жұмысшы, 200-ден астам арнайы техника тартылған.

Бұған дейін Арыстағы жарылыс кезінде қаза тапқан әскерилер марапатталғанын хабарлаған болатынбыз.

Хабар 24 телеарнасы