389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Теміржол бойындағы апаттарға қашан тосқауыл болады?

  • 213
  • UPD: 20:12, 16.09.2019
Теміржол бойындағы апаттарға қашан тосқауыл болады?

Соңғы жылдары еліміздегі теміржол өткелдерінде оқыс оқиғалар жиілеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шойын жолдың бойында қаншама адам ажал құшып, талай отбасы қара жамылды. Соңғы 5 жылдың орайында мұндай деректер Алматы, Павлодар, Түркістан және Маңғыстау облыстарында тіркелген.

Осыдан екі жыл бұрын Жаңаөзен қаласына қарасты Теңге ауылындағы теміржол өткелінде болған қайғылы жағдай аймақ тұрғындарының әлі есінде. Тепловоз бен газель соқтығысып, 9 адам қайтыс болған еді. 27 жолаушы жарақат алған. Сол апаттан 10 жастағы оқушы қыз екі аяғынан айрылып қалды. 15 адамға есептелген газельге 35 жолаушыны тиеп алған көлік жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Сағатына 60 шақырыммен келе жатқан логомотив тізгіншісі қарсы алдындағы кедергіні көріп, шұғыл тежегішті басқанымен нәтиже болмай, көлікті соғып өткен.

Арнайы тексеріс жүргізген комиссия мүшелері бұл апатқа станцияның кезекшісін айыпты деп тапты. Араққа тойып алған ол тепловоздың келе жатқанын ешкімге ескертпеген, шлагбаум жабылмай, ашық қалған. Кезекші соттың шешімімен 5 жылға сотталды. Осы апаттан кейін Жаңаөзендегі ескі газельдерге жаппай тексеріс жүргізіліп, қолданыстан алып тастау туралы шешім шығарылды. Себебі, апатқа ұшыраған жолаушылар көлігінің ақауы болғандықтан дәл теміржолға келген кезде тоқтап қалған.

Асхат Құлтанов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Жаңаөзенде қазіргі уақытта 42 автобус жүреді. Олардың барлығының жағдайлары ескірген. Жылдары ескі. Сондықтан оларды осы оқиғадан кейін автобусты жаңарту алға қойылып, 2020-2021 ж.ж кезең-кезеңімен жаңарту жолға қойылып отыр. Қазақстаннан шығарылатын заманауи автокөліктерін алуды біз жоспарлап отырмыз. Олардың сыйымдылығы қазір жүріп жатқан ескі газельдерге қарағанда орындықтар көп. Ауыстыру жоспарланып жатыр.

Қарағанды облысының тұрғындары теміржол өткелдеріндегі жантүршігерлік оқиғалардан қауіптеніп отыр. Аймақтағы Жаңарқа кенті мен Аппаз ауылының арасын теміржол бөліп жатыр. Көпір салынбағандықтан, жұрт шойын жолдан жанын шүберекке түйіп өтуге мәжбүр. Балалар да аудан орталығындағы мектепке бару үшін дәл осы жолды кесіп өтеді екен. Кейде қаз-қатар тізілген вагондар станцияда сағаттап тұрады. Ондай кезде шаруасына асыққан тұрғындардың вагонның астынан өтуден басқа амалы жоқ. Жергілікті халықтың айтуынша, осы күнге дейін теміржолдан ондаған адам жарақат алып, көпшілігі мүгедек болып қалған. Көпір салу мәселесі жылдар бойы көтеріліп келгенмен, әзірге нәтиже жоқ. 

Елубай Көпбаев, Аппаз кентінің тұрғыны:

- Мына шойын жол өте қауіпті. Көрші азамат жұмысқа асығып бара жатып, аяғын поезд басып кетті. Одан тағы бір-екі жігіт қаза тапты. Біреуі мүгедек, протезбен жүреді. Осыны біз бірнеше рет арыз беріп, жол бойының мекемелеріне айттық. Ешқандай өзгеріс жоқ.

Бақытжан Мұқанов, Жаңарқа ауданы әкімінің орынбасары:

Көпірді салуға біраз уақыт кетеді. Бюджеттік өтініш болады. Бюджеттік кодекс бойынша біраз нәрселер қаралады. Егір ҚТЖ бізге сол жерді беріп, сол жерге сіздер жобалық сметалық құжаттамалар әзірлеңдер деген жағдайға біз жасауға дайынбыз. Аталған жұмыстарды жандандырамыз.

Бүгін Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғындары «Жолда қабылдау» акциясында теміржол өткелінің мәселесін көтерді. Аудан орталығын қақ жарып өтетін шойын жолдың екі бетін ондаған ауыл ен жайлағасын, мұнда күндіз-түні барыс-келіс үзілмейді. Шамамен Шиелідегі өткелден тәулігіне 2000-ға жуық көлік арлы-берлі ағылады екен. Кейде қатарынан 2 поезд өтер шақта жарты сағаттан астам уақыт жол жабылып тұрады.

Шамшидин Әмитов, облыстық ПД бастығының орынбасары:

- Бұл акцияның мақсаты – президент және ІІМ алдымызға қойған тапсырмаларды жүзеге асыру, тапсырмаларды орындау, халықтың көкейкесті сұрақтарына жедел түрде жауап беру, олармен байланыс жасау. Және де олардың ой-пікірін тыңдап, қалыптасқан проблемалық сұрақтарды шешу үшін жүргізілуде.

Теміржолдың үстімен немесе астымен кедергісіз жүретін өткел салуды өтінген тұрғындардың өтінішін қабылдаған полицейлер жергілікті әкімдікке арнайы ұсыныс жолдайтын болды.

Авторы: Гүлмира Әбішева

 

Хабар 24 телеарнасы