389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атбасарда үйлердің ауласын қоқыс басып, егеуқұйрық қаптап кеткен

  • 195
  • UPD: 22:53, 16.09.2019

Үй-үйге кіріп, тұрғындардың үрейін алып болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жолдың да жағдайы мәз емес. Тоз-тозы шыққан, жұрт наразы. Ойдым-ойдым көшелерден көліктер бүлініп жатыр. Бірақ кейінгі бірер күнде мұнда қарбалас басталып, жұмыс қызған.

Атбасар. Соңғы күндері қалада тіршілік қызған. Әсіресе, коммуналдық мекеме мамандары бел шеше жұмыс істеп жатыр. Көпірге дейін жуып, тазалауда. Мұндай көріністі халық осы уақытқа дейін көрмегенін айтады. Не себеп?

Павел Рудик, Атбасар қаласының тұрғыны:

Өзім 30 жылдан бері Атбасарда тұрамын. Мұндайды бұрын-соңды байқамағам. Барлық коммуналдық қызмет өкілдері тыным таппай жұмыс істеп жүр. Естуімше, қаламызға президент келеді деген сыбыс бар.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Шынымен халық аң-таң. Көпірді жуып, көшелерді сыпырып, қоршау, баспалдақтарға дейін жаппай сырлап жатыр.

Сырлап, сыпыру өз алдына, көшелердің бойына ағаштар да отырғызылған.

Жә. Соңғы күндері тіршілігі қызған қаланы аралап жүріп, ел-жұртпен сөйлестік. Ең өзекті деген мәселелерін сұрадық. Айтқандары...

Бұл сонау 90-жылдардан бері жөнделмеген жолға ұқсай ма? Жо-жоқ. Былтыр ғана жөнделген екен. Қуанышев көшесі. Шет жақ емес. Атбасардың нақ ортасы. Бірақ көріп тұрғанымыздай, жаңартылған жол бір жылдың ішінде осындай күйге түсті. Неге? Сапа жоқ, баяғы. Есесіне көлік атаулы сынып жатыр, шыдас бермей.

Блиц 1:

- Көлігімнің дыбыс бәсеңдеткіші жұлынып қалды. Тоз-тозы шыққан жолда жүру мүмкін емес.

Блиц 2:

Жолдар қирап бітті. Қала әкіміне айтсақ, нәтиже жоқ. Көңіл бөлмейді.

Әкімге жолықтық. Оның айтуынша, биыл облыстық бюджеттен 36 миллион теңге бөлініпті, жолдарды жөндеуге. 16 миллионы игерілген. Қалған қаражатты қазан айының ішінде жолдардың ойық-тесігін жамап-жасқауға жұмсамақ.

Марат Асқаров, Атбасар қаласының әкімі:

- Қалада 33 шақырым жолға асфальт төселген. Бұл көрсеткіш шаһарға аз екендігін түсінеміз. Биыл жобалық-сметалық құжат әзірледік. Нәтижесінде 2019-2020 жылдары бірқатар жолдарға орташа деңгейде жөндеу жүргізіледі.

Қорған Төреқожа, тілші:

Атбасарлықтарды алаңдатқан тек жол емес, қоқыс. Көріп тұрғанымыздай, менің оң жағымда тұрмыстық қалдықтар төбе болып үйіліп жатыр.

Құдды бір қоқыс полигоны сияқты. Ұзыннан ұзақ созылып жатыр. Айдала емес, үй-үйдің арасы толып қалған. Аяқ алып жүрудің өзі мұң. 

Жұмат Алтынов, Атбасар қаласының тұрғыны:

- Тышқандар, егеуқұйрықтар деген толып жатыр. Барлығы үйге кіреді. Контейнер қойған жоқ.

Татьяна Батлук, Атбасар қаласының тұрғыны:

Бір жылы өзіміз тазаладық. Бірақ бұл жұмыспен әркез айналысуға жағдайымыз жетпейді. Қоқыстың барлығын төгуге шамамыз келе бермейді.

Тұрғындардың өзі бұл маңды полигон қылып алғанға ұқсайды. Арнайы қоқыс жәшіктері болмаған соң қалдықтарын тек осы жерге әкеліп, лақтыра береді-мыс. Оған де көз жеткіздік.

Атбасардың ішінде осыдан бірер жыл бұрын 20-дан аса тұрмыстық қалдық жиналған орын болыпты. Содан бюджеттен қаражат бөлініп, қоқыс үйілген 16 аумақ түгелдей тазартылыпты. Бірақ соның өзінде бұл мәселе өзектілігін жоймай тұр. Неге?

Марат Асқаров, Атбасар қаласының әкімі:

Себебі, қалдықтарды жұртшылықтың өзі лақтырады. Әлия Молдағұлова атындағы көшенің тұрғындары бірде-бір коммуналдық мекемелермен келісім жасаспаған. Нәтижесінде қоқысқа арнаған жәшіктер қойылмай, осындай жағдай қалыптасып отыр. Келісім болмаса, халық ақшасын төлемесе, тиісінше қоқыс жәшіктері қойылмайды.

Әкім айтады. Бұл маңдағы қоқыстар жылда тазартылады. Бірақ әр қыс, көктемнен кейін қалдық қайтадан тау болып үйіліп қалады. Сондықтан халықтың коммуналдық мекемемен келісім жасасқаны ләзім. Сол кезде аула қоқыстан уақытылы тазартылып тұрмақ. 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы