389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраудағы лимон өсіруші шаруа қожалығы алғашқы өнімін жинайды

  • 240
  • UPD: 22:12, 16.09.2019

Қалауын тапсаң қар жанады. Егістік, көкөніс, жеміс-жидектің өзі әрең өсетін табиғаты қатал аймақ Атырауда жергілікті фермер лимон өсіріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бау-бақша егуді біраздан бері кәсіп еткен шаруа қожалығы жуырда алғашқы өнімін алады. Бұл күнді еңбекқор шаруалар 3 жыл күткен екен.

Қажырлы еңбек пен төзімнің арқасында 20 шақты шағын жылыжайдағы 2 мың түп лимонның біреуі де сетінемей, жеміс беру кезеңіне жетті. Шаруа қожалығы мамандарының жоспары бойынша алғашқы жылдың өзінде 1,5 тонна лимон алулары тиіс.

Виктор Шеффер, агроном:

- Лимон өсіру негізі аса қиын шаруа емес екен. Тек баптап, күте білу керек. Дегенмен, біздің аймақтың ауа райы қиындау. Қыста суық әрі үнемі жел, борандатып тұрады. Қыстың күні лимонарийдің ішіндегі ауа 2 градус ыстықтықтан төмен болмауы керек. Ал жазғы мезгілде 60 градус ыстыққа да төтеп береді.

Махамбет ауданындағы бұл шаруа қожалығы 10 жылдан бері көкөніс пен қатар жеміс-жидек, бау-бақша өсіруді қолға алады. Қазір 160 гектар алма бағы, жүзім және 1 гектар аумақты алып жатқан лимон жылыжайы бар. Әрине табиғаты қатал аймақта жеміс өсіру оңай шаруа емес. Кететін шығын көлемі де жыл санап өсіп келеді.

Владимир Розметов, шаруа қожалығының басшысы:

- Атырау облысының фермерлері үшін судың текше метрі 14 теңге, ал Шымкентте 1 теңгенің маңында. Ол жақта жаңбыр да жиі жауады. Бізде жаз бойына бір тамшы тамбайды деуге болады. Судың тапшылығын көріп отырмыз. Көгілдір отынға да жақында 1 мың текше метріне 200 теңге қосылды. Ал дизель отынының бағасы өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге қымбаттады.

Бірақ әзірге мемлекет тарапынан аграрлық сектордың бұл түрлеріне субсидия қаралмаған. Дегенмен, алғашқы сыннан сүрінбей өткен шаруалар енді басқа тропиктік жемістерді де өсіріп көруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар лимон жылыжайының аумағында келер жылдан бастап ұлғайтуды қолға алмақ ниетте.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы

 

Хабар 24 телеарнасы