389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде қанша адам атаулы әлеуметтік көмек алады

  • 385
Елімізде қанша адам атаулы әлеуметтік көмек алады baribar.kz

Биыл атаулы әлеуметтік көмек 2 млн 87 400 адамға тағайындалған.

Оның ішінде 1 302 500 бала атаулы көмекті алады. Олардың үлесі барлық алушылардың 62,4%-ын құрап отыр. Ал көп балалы отбасылар шамамен 40%-ды құрайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атаулы әлеуметтік көмектің көпшілігін оңтүстік өңірлердегі тұрғындар алып отыр. Оңтүстік өңірлерде барлық көмек алушылардың 67%-дан астамы шоғырланған, оның ішінде Түркістан облысында – 96 800 отбасы, Алматы облысында – 53 600, Шымкент қаласында – 51 600,  Жамбыл облысында – 39 мың және Қызылорда облысында 31 700 отбасы тұрады.

«2019 жылы АӘК төлеуге 204 млрд 500 млн теңге көзделген, оның 186 млрд 100 млн теңгесі республикалық бюджеттен және 18 млрд 400 млн теңгесі жергілікті бюджеттен. 144 млрд 300 млн теңге төленді», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минисрлігі Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің басқарма басшысы Аяжан Жанғабылова.

Сонымен қатар бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмекті 523 400-ден астам еңбекке қабілетті азамат алып отырғанын атап өтті.

«Барлығы 43 500 адам немесе АӘК алушылардың жалпы санынан 39,5%-ы жұмысқа орналастырылды. 13 400-ден астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. 89 мыңға жуық еңбекке қабілетті адам жұмыспен қамту органдарымен әлеуметтік келісімшарттар жасасты», – деп толықтырды Жанғабылова.

Электрондық еңбек биржасында шамамен 48 мың бос жұмыс орны бар екенін атап өткен жөн. Отбасының қаржылық жағдайын жақсартқысы келетін жұмыспен қамтылған АӘК алушылар жұмыс таба алады немесе түйіндемелерін www.enbek.kz веб-сайтына орналастыра алады.

Хабар 24 телеарнасы