389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Негізгі бағыттар бойынша өңірлердің рейтингісі жүргізіледі

  • 193
  • UPD: 18:08, 17.09.2019

Алдағы уақытта негізгі бағыттар бойынша өңірлердің рейтингісі жүргізіледі. Осылайша әкімдердің жұмысына баға берілмек. Бұл жөнінде бүгін үкімет отырысында Премьер-министр айтты.

Алқалы жиында Асқар Мамин бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша еліміз әлемнің 190 мемлекеті арасында 28-інші орында тұрғандығын мәлімдеді. Бірақ бұл позицияны әлі де жақсарта түсу міндеті тұр.

Үкімет басшысы айтты. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, алдағы қазан айының соңына дейін бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту бойынша кезекті 8-түзетулер топтамасын дайындау керек. Бұл топтама кәсіпорындарды ашу, оны тіркеу, құрылысқа рұқсат алу және электрмен жабдықтау желілерін қосу шарттарын жеңілдетуге арналады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Жалпы бұл рейтинг бизнес жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған реформалардың қаншалықты тиімді екенін көрсетеді. Бұл әрине елдің инвестициялық жағдайына әсер етеді. Инвесторлар үшін жаңа жобалар мен өндірістерді құруға қатысты мүмкіндіктерді құру құралы болып табылады. Жалпы бірқатар сала бойынша жақсы көрсеткішке жетіп отырмыз. Соның ішінде жаһандық бәсекедегі қабілеттілік индексі бойынша электр өндіру жоғары орында. Темір жол көлігі 34 және ІТ-технологиялар 44-орындамыз. Сонымен қатар халықаралық сауда, денсаулық сақтау және қаржы секторында көрсеткіштерді жақсарту бойынша жұмысты күшейту қажет.

Еліміздің халықаралық рейтингтегі позицияларын одан әрі жақсарту үшін 1 ай ішінде жаңа іс-шаралар жоспарын қабылдау керек. Ал, үшіншіден өңір әкімдері реформаларды іске асыруға, бизнес жүргізу үшін инвестициялар тартуға қолайлы жағдайлар жасауға тиіс. Инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстарды жылдамдатуға міндетті.  Осылайша барлық негізгі бағыттар бойынша өңірлердің рейтингісі жүргізілмек. Хош. Әлемдік бәсекедегі бәсіміз басым болу үшін тағы не істеу керек? Дамыған 30 мемлекеттің қатарынан көріну үшін қандай шараларды қолға алған жөн?  

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- 2050 жылға қарай әлемнің ТОП-30 экономикасына кіру үшін жалпы ішкі өнімнің тұрақты өсімі қажет. Экономикалық өсудің тұрақты қарқыны ел экономикасына инвестициялар ағынымен сүйемелденеді. Экономикаға инвестордың келуіне жеті көрсеткіш ықпал етеді. Олар: бизнесті жүргізудің жеңілдігі, экономиканың бәсекеге қабілеттілігі, сауда және көлік инфрақұрылымының дамуы, кедендік ресімдеудің тиімділігі, халықтың орта және жоғары білім деңгейі, сондай-ақ тәуелсіз кредиттік рейтингтер. Оның айтуынша, инвесторлар осы көрсеткіштерге қарайды. 

Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе халықтың табысын арттыру. Бұл орайда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бес ұсыныс айтты. Біріншіден, үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану. Екінші - үй ауласында мал мен құстың өнімділігін арттыру. Ауыл сыртындағы пайлық үлес жерлерді ұтымды пайдалану, сол арқылы жем-шөп, жайылым мәселесін шешу. Мұны үш деңіз. Қосалқы шаруашылықтардың дамуына кедергі болып тұрған мәселелерді кооперативтер арқылы шешу. Бұл төрт. Ал, бесінші ұсыныс - ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру. Міне осы 5 бағыт бойынша жалпы құны 46 млрд. теңгеден аса қаражатқа ұзын ырғасы 31 мыңдай жобаны іске асыру мүмкіндігі бар.  

Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі:

- 131 мың отбасы немесе 600 мыңнан  астам адам айына орташа есеппен 128 мың теңге көлемінде тұрақты табыспен қамтылады. Бұл бүгінгі деңгейден 4 есе жоғары. 68 мың өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкерге айналады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 34%-ға ұлғаяды. Сүт пен етті қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 30%-ға артпақ. Жаңа өңдеу кәсіпорындарын құруға мүмкіндік ашылады. Ауылдағы үй іргесіндегі және пайлық жерлердің тиімділігі артады.

Қазір Жамбыл облысындағы халықтың саны 1 млн 125 мың. Оның 60 проценті немесе 680 мыңы ауылда тұрады. Еңбекке жарамдысы 328 мың адам. 151 мың азамат әлеуметтік төлемдер, маусымдық жұмыстардан, қосалқы шаруашылық есебінен күн көруде. Сондықтан жоғарыда аталған пилоттық жобаны іске асыру маңызды. Бұл мәселе Үкімет қаулысымен шешілмек.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Жандос Битабаров, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы