389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да әйгілі Тоқтамыс батырға ескерткіш ашылды

  • 357
  • UPD: 18:06, 17.09.2019

Шығыс Қазақстан облысында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында игі шаралар жиі өткізіліп жатыр. Қарауыл ауылының кіреберісінде «Абай елі – руханият мекені» атты стелла ашылса, саябақ жанында әйгілі Тоқтамыс батырдың ескерткіші бой көтерді. Мұның бәрі Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттерге сәйкес жүзеге асырылып жатқан жобалар.

Келесі жылы қазақтың бас ақынының 175 жылдық мерейтойы ел көлемінде кеңінен аталып өтпек. Қарауыл ауылының кіреберісіне қойылған арнайы белгі де жиынға келетін қонақтар мен жас ұрпақ санасына киелі жердің тарихынан сыр шертетін мағыналы дүние. Биыл әйгілі батыр, Шәкәрім ақын жырға қосқан Тоқтамыс Лақаұлының туғанына 290 жыл.

Абылай ханның қас батырларының бірі атанып, Қабанбай, Бөгенбай, Мамай батырларға ізбасар іні болған Тоқтамыс батыр ескерткіші қоладан құйылды. Оның авторы дарынды мүсінші Нұрбол Қалиев. Қаржысын халық өз ықыласымен жинаған.

Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы:

- Ту ұстап, мынау қазақтың кең аспанына төнген бұлтты көтеріп тастаған найзагерлердің бірі. Шыңғыстауда ұлылар көп, бірақ сол жерге атының тұяғы алғаш басып, найзасының ұшы қадалған адам, ол – Мамай мен Тоқтамыс. Осы жер Абылай бөліскенде ерліктеріне берілген.

Жиынға келген қонақтарға Тоқтамыс батырдың туы, найзасының ұшы, қылышы арнайы көрсетілді. 3 ғасырға жуық уақыт көздің қарашығындай сақталған дүниелер жайында батырдың келіні, ардагер ұстаз Айжан Ғабдуллина арнайы шығарған кітапта да мол ақпараттар берілген.

Айжан Ғабдуллина, Тоқтамыс батыр әулетінің келіні:

- Менің өзімнің ерекше көңіл бөлгенім осы 3 ғасырдан бері ешкімге айтылмаған, көп адамдарға көрсетілмеген батырдың жәдігерлері туралы баяндау болды, батырдың туы, жалпы қазақтың туы қалай пайда болған. Бұл туды Тоқтамыс батырдың 4-ұрпағы Әбіш атамыз кер замандарда, тар замандарда шапанының астарына тығып сақтаған, ал қылышы мен найзасын таудың ішіне жасырып, одан кейін заман түзелгеннен кейін ғана шаңырақта сақтаған.

Жарқынбек Байсабыров, Абай ауданының әкімі:

- Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Семейге келген сөзінде ұлы Абай ғана емес, оны дүниеге әкелген Құнанбайдың да жүріп өткен жолын ұлықтау керек деп, сол мақсатта облыс әкімі тарапынан осыған үлкен көмек көрсетіліп, Құнанбай әулеті жерленген жер облыс бюджетінен 27 миллион 548 мың теңге бөлініп, осы күзде жасау жоспарланған. 

Жалпы ауданда жыл басынан бері Туған жер акциясы аясында 77 миллион теңгенің жобасы жүзеге асыпты. Ал аудан әкімдігі мен облыстық білім басқармасы болашақта бұл кітапты Шығыс Қазақстанның барлық мектептеріне таратып шығуды жрспарлап отыр. Ерлік ұрпаққа ұран, ұлтқа өнеге деген осы.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы