389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада өндірісті жаппай автоматтандырудың кері әсері талқыланды

  • 231
  • UPD: 20:18, 17.09.2019

Өндірісті жаппай автоматтандырудың кері әсері. Бұл – бүгін елордада басталған жаһандық инновациялық саммитте қозғалған тақырыптардың бірі.

Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылған жиынға бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселесі арқау болды. Бұл жолы 16 мемлекеттен келген 200 сарапшы пікір алмасты. Әсіресе, соңғы онжылдықта сан түрлі сала жұмысын өзгерткен оқиғалар жан-жақты сараланып, ортақ тұжырым жасалды. Мәселен, әлем елдеріндегі жаңа технологиялардың дамуы жұмыс орындарының қысқаруына әкеп соққаны атап өтілді. «Осы сын-қатерге қарсы іс-қимылды біріктіру керек», деді саммит қатысушылары. Ол үшін бизнес, университет және ғылыми қауымдастықтардың ортақ кеңесін құрып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажет.

Әнуар Боранбаев, CRС зерттеу және кеңес беру орталығының серіктесі:

– Адамдардың қалаға көшуі жиілеп кетті. Олар жақсы өмір сүру үшін осында келеді. Қала әлеуметтік жағдайды жақсартып, өзара байланысты дамытады. Әсіресе, үлкен шаһарлар әлеуметтік саланың қозғаушы күшіне айналады. Яғни ұлттар арасында емес, қалалар арасында бәсекелестік күшейеді.

Елімізде бәсекелестікті арттыру мәселесімен Тұңғыш Президент - Елбасы қоры айналысуды жоспарлап отыр. Әсіресе, қоғам тарапынан ұсыныстарды саралап, тың жобаларды қолға алмақ. «Мәселен, ел азаматтарын қандай да бір пайдалы іс жасағаны үшін ынталандыру – негізгі мақсат», – дейді Елбасы қорының басшылығы.

Әсет Исекешев, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директоры:

– Тәуелсіздік жылдары Елбасының бастамасымен көптеген сәтті реформалар жүзеге асты. Атап айтсақ, жалпы ішкі өнім 11 миллиардтан 170 миллиард АҚШ долларына дейін өсті. Орталық Азияның өзге мемлекеттеріндегі көрсеткіштерді қоса есептесек, 60 миллиардқа жетер-жетпес. Ал елімізге шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 300 млрд АҚШ долларына тең. Одан бөлек, 12 мың 500 шақырым көлік және 2 мың 500 шақырым темір жолы салынды.

Хабар 24 телеарнасы