389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде жаңа өткел маңынан тұрғындар жаппай көшуде

  • 216
  • UPD: 22:20, 17.09.2019

Ақтөбеде бір көшенің тұрғындары үйлерін жаппай сатылымға шығарып, үдере көшуде.

Олар жаңадан салынған өткелдің астында өмір сүруден қорқады.

Бұл көпір қаланың екі ауданын жалғап тұр. Ашылғанына небәрі 4 күн болған. Бірақ осы уақыттың өзінде бірнеше рет жол-көлік оқиғасы болған.

Жаңа байланыс торабының құрылысына бюджеттен 2 миллиард 680 миллион теңге бөлінген. Жоба бойынша осы маңдағы ескі көпірді қиратып, орнына жаңадан екеуі тұрғызылуы тиіс. Сәйкесінше 2 жолақтың орнына 4 жолақты өткел пайда болады. Өткен сенбі күні жұмыс бел ортаға жетіп, көпірдің бірі қолданысқа берілді.

Соңғы бірнеше ай бойы жабық тұрған өткелдің ашылуына қуанған жүргізушілердің көңілі су сепкендей басылды. Алғашқы күні-ақ жолдың тым тар екені белгілі болды. Тіпті үлкен қоғамдық көліктердің бір мезгілде өтуі мұң. Жолаушылар тасымалын жүзеге асырып отырған мекеме өкілдері бұл жайтты жергілікті билікке де, жоба авторларына да жеткіздік дейді.

Ақарыс Тілеулесов, жолаушылар тасымалдаушы компания директоры:

– Білмеймін кім қабылдағаны, кім есеп жасағаны. Ол екі бағытта қозғалып жатыр. Қарсы келген автокөліктермен сыймай қалып жатыр. 3-4 күндей болды ашылғанына, 2-3 жол көлік оқиғасы тіркеліп жатыр.

Ал тұрғындардың үрейін тудырып отырған мәселе – көпірдің еңістікке қарай 90 градусқа шорт бұрылуы. Екпіндеп келген көліктер қар жауып, мұздақ басқан сәтте қарсы тұрған баспанаға бір-ақ қарғуы мүмкін дейді.

Амантай Бекжігітов, қала тұрғыны:

– Аяғына дейін істі апармайтыны қынжылтады. Осы жердегі тұрғындарға әсерін тигізуде. Балаларымыз, немерелеріміз бар. Ойнайды. Соларға біз алаңдаймыз.

Ақтөбеліктердің бұл уәжімен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі өкілдері келіспей отыр. Қыс мезгілінде жауған қарды дер кезінде тазалап, асфальт бетіндегі мұзды ойып отырамыз деп сендірді. Ал жол бойына сыймай, көліктердің бірін бірі сүзуіне жүргізушілерді кінәлап отыр. 

Наваи Әмірбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің инспекторы:

– Бұрылыстың ені он жарым метр, ал көпірдің үстіндегі ені 9,4 метр. Бұл өткелдің алдында жылдамдық режимі 20 км сағатына болады.

Сағатына 20 шақырым жылдамдықпен ғана жүруге рұқсат етілген деген белгінің бар екені рас. Алайда бұл ескертуге құлақ асып жатқандар некен-саяқ. Әзірге тәулігіне 12 мыңнан астам көлік өтетін жол торабында екінші көпір тапсырылған соң жүйткіген автомобиль саны екі есе артады. Сондықтан бұл жайтты ескірген көпір көршілері баспаналарын жаппай сатылымға шығарған.

Авторлары: Мансұр Есқодин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы