389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай әуежайындағы ұшып-қону жолағы қашан дайын болады

  • 200
Қостанай әуежайындағы ұшып-қону жолағы қашан дайын болады

Қостанай әуежайындағы ұшып-қону жолағын жөндеу жұмыстары бастапқы жоспар бойынша қыркүйектің 16-да аяқталуы тиіс еді.

Алайда ауа райының қолайсыздығы бұл мерзімді кейінге шегеруге мәжбүр етті. Жалпы бұл әуежайдың ұшып-қону алаңын қысқа мерзімде іске қосуды Мемлекет басшысы тапсырған болатын.

Қырық жылға жуық жөндеу көрмеген Қостанай әуежайының ұшып-қону алаңын қайта жаңғырту жұмыстары өткен жылдың шілде айында басталды. Жаңадан төселген ұшақ жолағы бүгінде дайын деуге болады. Оның ұзындығы 300 метрге ұзартылып, ені 15 метрге кеңейтілген.

Елмұрат Ахметжанов, құрылыс менеджері:

– Құрылыс жұмыстары өз мәресіне тақады. Қазір біз екі жақ жиегіне қауіпсіздік жолағын салып жатырмыз. Оны қыркүйектің 25-26-на дейін аяқтаймыз. Одан кейін белгі бергіш жарық шамдары орнатылады. Ұшып-қону жолағын қазан айының соңына дейін толық тапсырамыз.

Негізінен мұнда қауіпсіздік мәселесіне аса мән берілген. Заманауи талапқа сай апаттан құтқару станциясы салынды. Қазір оны жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның сыртында электр энергиясын орталық тарату пункті пайда болды. 

Галей Сыртланов, «Қостанай халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы:

– Жаңа жоба бойынша халықаралық ұйымның 1-санатына жататын белгі бергіш жарық жүйесі орнатылады. Бұл бізге тұманды, ауа райы қолайсыз күндері де ірі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді.

Жаңа жолақтың іске қосылуымен Қостанай әуежайына қонатын ұшақтардың саны екі есеге артады деп күтіліп отыр. Қазірдің өзінде нақты әуе компанияларымен келісімдер бар.   

Бақытбек Есенғұлов, Қостанай облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Шымкент, Атырау, Ақтөбе қалаларына әуе рейстерін ашуға талап қойып отырмыз. Сонымен қатар Мәскеу қаласына келісімшарт жасап жатырмыз. Оған қоса әр түрлі әуекомпанияларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, Челябі, Екатеринбург қалаларына ұшу мақсатында.

Сәтін салса, қазан айының бас кезінде Қостанай әуежайынан жаңа жолақ бойымен алғашқы жолаушылар ұшағы көкке көтеріледі.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы