389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызметіне салғырт қараған дәрігерлер жауапқа тартыла ма?

  • 191
  • UPD: 12:31, 18.09.2019

Ақтаудағы редакциямызға қала тұрғыны көмек сұрап хабарласты. Дариға есімді көп балалы ана былтыр тұңғышынан айырылып қалған.

Оның айтуынша, 19 жастағы бойжеткеннің өмірден мезгілсіз өтуіне дәрігерлердің салғырттығы себеп. Бұл деректі облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қызметкерлері де растап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ата-ана жазған арыз 2018 жылдың шілде айында Бас прокуратурада тіркелген. Көп ұзамай қалалық полиция басқармасына жолданды. Алайда істің қалай тергеліп жатқаны әлі күнге дейін белгісіз.

Дариға Байтжауынова, қала тұрғыны:

- Осылай бес ай бойы жылап жатты. Құрысудың неден болғанын бұлар білмеді. Соны білейік десек, ешқайда жіберген жоқ бізді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Бұл Азизаның политехникалық колледжде оқып жүрген кезі. Былтыр мамыр айында тыныс жолы сырқатымен орталық ауруханаға түсіп, операция жасалған. Өкінішке қарай, емдік шара оң нәтиже бермеді. Тұла бойы ісініп, науқастың өздігінен демалуы күн санап нашарлай бастаған. Елордадағы мамандарға апарып көрсету үшін санавиация сұраған қамкөңіл ата-анаға дәрігерлер мұндай көмектің ақылы екенін айтыпты.

Дариға Байтжауынова, қала тұрғыны:

Ондайға қаржы қарастырылмаған, сіздің қызыңыз қазір жақсы жатыр. Жағдайы жақсы деді. «Ең болмаса Астанадан дәрігер шақыруға мүмкіндік бар ма» деп сұрағанымда сіз өз тарапыңыздан ақша бөлсеңіз, біз шақырып бере аламыз деді. «Сіз 2000 доллар төлесеңіз, авиабилетін төлеп берсеңіз, ол маман келуге келіседі» деді. Мен келістім. Бірақ ертесіне ол маманның керек еместігін айтты. Себебі, қыздың миы ісіп кетті. Оған операция жасау мүмкіндігі жоқ. О бастан операция жасау мүмкіндігінің жоқ болатынын біле тұра, ол дәрігер операция жасауға алды ғой.

Бес ай өмір үшін күрескен бойжеткен жансақтау бөлімшесінде қайтыс болды. «Тұңғышымыздың өліміне себепкер дәрігерлер әлі күнге дейін қызметінде жүр. Жазылған арыз бойынша олар неге жауапқа тартылмайды?» дейді бір жыл бойы әділдік іздеген ата-ана. Бұған қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің өз айтары бар.

Нұрсұлу Мұхамбетиярова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Емделу барысында облыстық ауруханының басшылығы бірнеше рет республикалық орталықтың мамандарымен телемедицина арқылы сұхбаттасып отырды. Олардың ұсыныстарын пайдаланып отырды. Себебі, бұл полиативтік ауру негізгі ауру болғандықтан соңғы күнге дейін сол ауруханада қаралуда болды. Сол кездегі шағымға байланысты осы шарамен айналысқан дәрігерлер, бүгінгі таңда лор-дәрігеріміз жұмыс жасайды. Және де екінші хирург маманымызға бүгінгі таңда өз еркімен басқа қызметке кетуіне байланысты ешқандай әкімшілік шара қолдану мүмкін емес.

Марқұмның ата-анасы бастапқыда қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне арыз жазған. Департамент басшылығы тәуелсіз сарапшылар арқылы тексерулер жүргізіп, дәрігерлердің өз ісіне жауапсыздықпен қарағанын жазбаша түрде растады. Мұнан соң полицияға жүгінуге кеңес берген. Отбасы тіршілігінен босай алмауына байланысты шағым түсіруші тарап құзырлы органға осы қыркүйекте хабарласқан.

Ерік Әлжанов, қалалық ПБ тергеушісі:

- Арыз негізінде Ақтау қалалық полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне №2057 санымен ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабымен қылмыстық іс тіркелді. Аталған іс бойынша қазіргі уақытта сот-комиссиялық сараптама тағайындау үшін құжаттар жинақталуда. Кінәлі тұлғалар анықталуда.

Тергеушінің сөзінше, кінәлі тұлғалар дәрігерлік міндеттерін ұқыпсыз орындап, науқастың денсаулығына зиян келтіргені үшін заңмен айыпталуы тиіс. Оларға қарсы сот-комиссиялық сараптамасының қорытындысы бойынша шешім қабылданады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы