389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР Бас прокуратурасы Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтаруға қатысты түсінік берді

  • 363
  • UPD: 16:54, 18.09.2019

Қытайда есіркі тасымалдады деп күдікке ілініп, сотталған жерлесіміз Ақжарқын Тұрлыбай елге қайтарылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жөнінде бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов айтты. Отандасымыз қазір үкімге шағым түсіру кезеңінен өтіп жатыр. Іс аяқталуға жақын. Жуырда Қытай соты үкім шығарады. «Ақжарқын ақталса жақсы. Егер айыптаушы үкім өзгеріссіз қалса, біздің тарап жерлесімізді Қытайдан сұрауға құқылы. Сол кезде ол жазасын Қазақстан түрмесінде өтемек», – деді бас прокурордың орынбасары.

Марат Ахметжанов, ҚР бас прокурорының орынбасары:

– Сотталған адамдарды беру туралы бізде Қытаймен екіжақты келісім бар. Қытай сотының соңғы шешімін күтетін боламыз. Егер ақтайтын болса, бұл тамаша болар еді. Ал сотталса, Ақжарқын Тұрлыбай ұсыныс айтуға құқылы. Тиісінше біздің де жерлесіміздің Қазақстан аумағында жазасын өтеу туралы сұраныс жіберуге құқығымыз бар.

Осыған дейін Ақжарқын Тұрлыбай есірткі тасымалдау бойынша тағылған айыпты жоққа шығарды. Атап өтейік, жерлесіміз аспан асты елінде 2014 жылы ұсталған. 2015 жылы Қытай соты қазақстандық қызды өмір бойына бас бостандығынан айырған еді. Алайда 2016 жылдың мамырында сот үкімінің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілді. Енді жуырда тағы үкім шықпақ.

Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапары барысында осы ел түрмесінде жатқан отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді.

Биылғы 3 қыркүйекте Гуанчжоу сотында Тұрлыбайға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша отырыс өтті. Оның барысында қорғаушы тарап ұсынған қылмыстық істің материалдары қаралды. Отырысқа қорғаушылар, Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің өкілдері, Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы және аудармашы қатысты.

Хабар 24 телеарнасы