389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміз бен Украина арасындағы экстрадиция туралы заң мақұлданды

  • 183
  • UPD: 17:47, 18.09.2019
Еліміз бен Украина арасындағы экстрадиция туралы заң мақұлданды

Допингпен ұсталған спортшылар ірі көлемде айыппұл төлеп, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Тіпті спортпен қоштасып, мемлекет берген үйден де айырылуы ықтимал. Тиісті заң жобасын бүгін мәжіліс депутаттары бірауыздан мақұлдады. Жаңа құжаттың тағы қандай жаңашылдықтары бар? 

Небір саңлақтарымыз допинг дауына ілігіп, шу шығып еді. Атын атап, түсін түстемейік. Енді мұндай келеңсіздік болмас үшін «допингке қарсы тәртіпті күшейту» ұсынысын депутаттар бірден қолдады. Заң жобасын бүгін жалпы отырысқа қатысқан 104 депутаттың барлығы бірауыздан мақұлдады. Енді құжатты Сенат қабылдап, Президент қол қойса болды, ол кезде заң жүзінде допингке қарсы талаптарды бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Спортшылар, жаттықтырушылар, допинг дауына қатысы бар өзге де азаматтар спорттық атағы мен санатынан айырылады. Тіпті алған үйлерін де мемлекетке қайтарып береді. 

Наталья Жұмаділдаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Допингті қолданған немесе қолданбақ болған спортшыға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген. Тиым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, спортшыға жауапты қызметкерлер де еңбек заңнамасы бойынша жауапкершілікке тартылады.

Жаңа заң жобасы қабылданса допингпен ұсталған спортшы жарыстан шеттетіледі. Жаттықтырушыны, спорт медицинасының мамандарын, дене шынықтыру саласының өзге де өкілдері қызметтен кетеді.

Серік Сәпиев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің комитет төрағасы:

- Мұндай жаза бұрын болмаған. Бірқатар елде допинг қолданғандарға қарсы заң әлдеқашан қабылданып қойған. Енді олимпиада ойындарының алдында Қазақстанда да осындай заң қабылдауды жоспарлап отыр. Жалпы биыл допинг қолдану бойынша 30 іс тіркелді.

Жаңа құжаттың тағы жаңалығы - допингке қарсы ұлттық ұйымның құзыреті күшейеді. Бұдан бөлек олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиада ойындарының чемпиондарымен қоса жүлдегерлеріне де жергілікті бюджет есебінен үй беру қарастырылып отыр.

Төменгі палатада қаралған келесі мәселе - қылмыскерлерді экстрадициялау. Енді алдағы уақытта еліміз бен Украинаның құқық қорғаушылары бір-біріне қылмыскерлерді ұстап беруге көмектеспек. 

Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Соңғы 3 жылда Ураина бізге 6 азаматты ұстау беруге көмектесті.

Қажет болған соң бүгін заң жобасын Мәжіліс депутаттары мақұлдады. Қазір жалпы 2 мыңнан аса қазақстандыққа халықаралық іздеу жарияланған. Ал Украина аумағында бой тасалап жүрген қазақстандық азаматтардың саны алтау. Алдағы уақытта заң жобасы қабылданып жатса әлгілерді елге қайтару үшін екі тараптың құқық қорғаушылары бірлесіп əрекет етеді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы