389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда жылыту маусымы басталды

  • 254
  • UPD: 23:33, 18.09.2019

Павлодарда жылу маусымы басталды. Қыркүйектің 16-нан бері қаладағы әлеуметтік нысандар толығымен орталық жылу жүйесіне қосылған.

Мектеп, балабақшалар ішкі температуралық режимді өздері реттейді. Дегенмен облыс орталығында 100 шақты үй жылу маусымына дайын емес. Бұл ешбір құрылымдармен басқарылмайтын үйлер. Сондықтан қыс мезгіліне дайындық та өз деңгейінде жүргізілмеген.

Соңғы гидравликалық сынақтар Павлодардың жылу желілерінде көптеген ақауларды  анықтады.  Коммуналдық сала мамандары оларды қалпына келтірумен айналысу үстінде. Бүгінгі таңда   шамамен 40 орында  жұмыс жүріп жатыр. Өткен жылы  жылу деңгейі жеткіліксіз болған  бес   магистральда күрделі  жөндеу басталған.

Файзолла Есей, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

- Бұл жылдан жылға жалғасып келе жатқан мәселе. Жылу магистральдарының әбден  тозығы жеткен. Ағымдағы жылы Нұр-Сұлтан, Лермонтов және Набережная  көшелерінде, сонымен қатар Толстой көшесі 82 мекен жайы бойынша жұмыс жүріп жатыр. Былтыр бұл аумақтарда жылумен қамту  деңгейі төмен болды. Сондықтан 250 метр жылу желілерін ауыстыруға тура келді.

Бүгінгі тағда облыс орталығындағы  1276 тұрғын үйдің жүзден астамы маусымға дайын емес. Бұл пәтер иеленуші кооперативтері, өзге де басқару құрылымдары жоқ үйлер. Тұрғындар  оны өз күштерімен  дайындауға қауқарсыз. Сол сияқты ішкі жылумен қамту жүйесіне жөндеу жүргізу үшін қаржы  жинауға мүмкіндіктері жоқ.

Нұрлан Рашитов, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі жетекшісінің орынбасары:

- Біз қазір көптеген үйлерді тексеріп, жылу маусымына  дайындығын шамамен 60 процентке жеткіздік. Ол үйлердегі негізгі жылуландыру қондырғылары жылуды қабылдап алуға дайын. Қалған бөлігін 23-іне дейін толық аяқтаймыз. Белгілі бір көлемдегі үйлерге мамандар бекітілген. Жұмыс күн сайын жүргізіліп жатыр.

Қазір қала бойынша 1100 үй  жылуды қабылдауға дайын. Олардың 60 проценті   дайындық актілерін қолдарына  алған. Бұл үйлерге қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысын айта кеткен жөн. Мәселен жекеменшік пәтер иеленуші кооперативі қаланың әр бөлігіндегі  50 шақты үйге басшылық етеді. Ағымдағы жылы Ворушин көшесінде тұрғындармен бірлесіп жеті үйдің жылу алмастырғыш құрылғысын жөндеуден өткізген. Кондоминиумға қатысушылар бұл мақсатқа 12 миллион теңге жинапты. 

Нұрсәуле Байболатова, ЖПК төрағасы:

- Біз тұрғындармен көптеген жиналыстар өткіздік. Жөндеу жұмыстарына қажетті қаржыны олар өздері жинады. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесі бар. Өйткені халық өз  мүлкіне ұқыптылықпен қарауды  түсіне бастады. 

Биылғы жылы Павлодарда 80 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. Халықтың көмегімен  40 миллион теңгеге жуық қаржы жиналыпты. Қалалық тұрғын үй инспекциясы мұны  соңғы жылдардағы ең үздік көрсеткіш деп бағалап отыр. Алайда 20 жекеменшік пәтер иеленуші кооперативінің жұмысы ақсап жатыр. Жауапкершіліктің жоқтығы  көпқабатты үйлердің  тозуына әкеліп соқтырады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы