389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде табысы аз отбасылар үшін «Менің кәсібім» атты жаңа жоба іске қосылды

  • 306
  • UPD: 15:59, 19.09.2019
Елімізде табысы аз отбасылар үшін «Менің кәсібім» атты жаңа жоба іске қосылды elorda.info

Елімізде аз қамтылған, көпбалалы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған кәсіпкерлік жобасы іске қосылады, деп хабарлайды Елорда Инфо ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

«Қазақстанның барлық өңірлерінде аз қамтылған, көпбалалы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және өз ісін ашуға қолдау көрсетуге бағытталған «Менің кәсібім» атты жоба іске қосылады», – делінген ақпаратта.

Жобаны үйлестірумен және жүзеге асырумен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысады.

«20 қыркүйекте Алматы әкімдігі мен «Менің кәсібім» жобасының авторы Айжани Нұрлановамен алғашқы тиісті меморандумға қол қою жоспарлануда. Алдағы уақытта осындай меморандумдар барлық облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорда әкімдіктерімен жасалатын болады», – деп хабарлайды министрлік.

Сондай-ақ, хабарламада жоба авторының мұқтаж азаматтарға қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарды ұсыну арқылы үй бизнесін жүргізуге көмек көрсететіні айтылған.

Ведомствоның дерегіне сүйенсек, осыған ұқсас жоба Маңғыстау облысында пилоттық режимде жүзеге асырылып, нәтижесінде 250-ге жуық адам жеке кәсіпкерліктің негізгі дағдыларын үйреніп, өз ісін ашқан.

Хабар 24 телеарнасы