389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мұхтар Әблязовты заң шеңберінде қудалау тоқтатылмайды

  • 200
  • UPD: 21:28, 19.09.2019

Қазақстан БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовты заң шеңберінде қудалауды тоқтатпайды.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Бас прокуратура өкілдері осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ жиында шетелде із жасырып жүрген өзге де қылмескерлер сөз болды.

Әбләзовты қудалаудың артында саяси астар жоқ. Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов осы жайтқа назар аударды. Оның айтуынша, еліміздің құқық қорғау органдарынан шетелде жасырынып жүрген БТА-ның бұрынғы басшысы мемлекетке 7,5 миллиард доллар көлемінде шығын келтірген. Оның 1 миллиарды ғана елге қайтарылыпты.

Сапарбек Нұрпейісов, ҚР Бас прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы:

- Нью-Йорктегі сот оның жауаптарының қаншалықты жалған екенін дәлелдеді. Және саяси қудалаудың жоқ екенін сот шешімімен бекітті. Бұл биыл шілде айында болды. Ұлбританиядағы Лондон соты оны алаяқ деп таныды. Бұл соттың шешімі. Халықтан ұрлаған 7,5 миллиард доллардың қызығын көріп, жылы жерде жатып, біздің кейбір азаматтарымызды арандатып, айдап салып отыр.

Прокуратура өкілі бұрынғы банкирдің елдегі тұрақтылықты бұзуға бағытталған әрекеттерін алға тартып, қазақстандықтарды арандатуға ермеуге шақырды. Осы уақытқа дейін бұл іске қатысы бар деген күдікпен 42 адам жауапкершілікке тартылыпты. Жалпы бұл мәселеге арнамызға берген сұхбатында жақында ғана Әбләзовпен сөз таластырған Ермұхамет Ертісбаев та тоқталған.

Ермұхамет Ертісбаев, қоғам қайраткері:

Мұны дебат деп қалай айтуға болады? Тіпті алдыма сөз таластырам деген мақсат қоймадым. Бар ойым – оны көпшілік алдына алып шығу, себебі соңғы 3 жылда ол монолог режимінде ғана жұмыс істеді. Ал, билік оған жауап берген жоқ. Жалпы, мемлекеттен миллиардтаған қаражатты алып шыққан, адам өлтірді деп айыпталып отырған қашқын банкирге билік қалай жауап қатады?

Бұдан бөлек, жиында Бас прокуратура өкілі шетел асқан тағы бір шенді – Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің ісі жөнінде баяндады. Жауапты органдар келтірілген шығынның 44 миллиард теңгесін өндіріп, 185 нысанды тәркілепті. Оның ішінде 50 пәтер мен 44 жер телімі бар. Жалпы Бас прокуратура халықаралық байланыстарды нығайту мақсатында шетелдермен 69 келісім жасасқан. Бұл құжаттардың көмегімен Қазақстанда қылмыс жасаған 53 адам елге жеткізілген.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

 

Хабар 24 телеарнасы