389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бауыржан Байбек Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарымен танысты

  • 199
  • UPD: 21:33, 19.09.2019

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Шымкент қаласы мен Түркістан облысына арнайы барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сапар барысында ол Шымшаһардағы бірқатар әлеуметтік мәселелерге назар аударып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Ал Түркістан облысында Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.

Бауыржан Байбек Шымкент қаласындағы сапарын Водопьянов көшесінен бастады. Естеріңізде болса, маусым айында бұл көшедегі көппәтерлі үйден өрт шығып, салдарынан 45 отбасы баспанасыз қалған. Бұл мәселемен әлеуметтік желі арқылы танысқан Бауыржан Байбек қала әкімімен бірге үйсіз қалған тұрғындармен кездесіп, бұл істі «Nur Otan» партиясының тікелей бақылауға алғанын айтты. Сондай-ақ ол қазіргі таңда құжаттарды рәсімдеу жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанына, зардап шеккен әр отбасына жаңа үйден тегін пәтер берілетініне тоқталды.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі қарқынды жүргізілуде. Инженерлік желілермен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамалар сараптамаға тапсырылған. Мұнда салынатын 9 қабатты тұрғын үй 2020 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілмек. Ал баспанасыз қалған тұрғындардың бірі – Зафура Батырбек бастарына қиын қыстау күн туғанда мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілгендігін айтады. «Барлық жағдай жасалынды», - дейді ол.

Зафура Батырбек, қала тұрғыны:

- Құрылыс басталғалы біз қатты қуаныштымыз. Ол ғана емес, біздің бала-шағамыз ойнайтын орындарды да реттеп жатыр. Осы отырған халық қуаныштан күнде осында келіп, көріп, көрген сайын көңіліміз көтеріліп, қуанышқа ие болып жатырмыз.

Шымкенттегі  «Азат» аудан тұрғындары үшін ауыз су мен жылу мәселесі ең өзекті болып отыр. Бар болғанның өзінде оны халық жекенің меншігінен қымбат бағамен алып отыр.

Коммуналдық салаға қатысты мәселелердің мән-жайына қанық болған Бауыржан Байбек азаттарға мемлекет тарапынан ауданның инфрақұрылымын дамытуға үлкен көңіл бөлініп отырғанын айтты. Алдағы уақытта бұл мәселе де партияның жіті назарында болмақ. Сондай-ақ ол мемлекет тарапынан жер мен үйді заңдастыру жұмыстары қолға алынғанын айтып, тұрғындардың өздерін барлық істе заңға сүйеніп әрекет етуге шақырды.

Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының конференциясына қатысып, қаланың партиялық активімен кездесті. Кездесуде партия төрағасы айқындап берген жүйелі жаңғырту жұмыстарына баса назар аударылып, алдағы басым-бағыттар кеңінен сөз болды. Конференцияда Бауыржан Байбек Елбасы – партия төрағасының тапсырмасымен Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың кандидатурасын партия қалалық филиалының төрағалығына ұсынды. Нәтижесінде конференцияның бірауыздан қолдауымен шаһар басшысы «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы болып сайланды.

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары жұмыс сапары түстен кейін Түркістан облысында жалғасып, Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Жарылыстан зақымданған үйлердің орнына салынып жатқан көппәтерлі нысандардың құрылысын бағамдады. Жергілікті тұрғындармен кездесуде Бауыржан Байбек құрылыстың партиялық бақылауда екенін айтып, үйдің жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін жеткізді.

Ибрагимовтер отбасының үйі апат салдарынан жарамсыз деп танылған болатын. Қазір міне, құрылыс жұмыстары аяқталып, Талғат Ибрагимов отбасымен жаңа үйге қоныстанды . Жаңа шаңырақта Ілияс есімді шекесі торсықтай ұл дүниеге келген.

Талғат Ибрагимов, Арыс қаласының тұрғыны:

- Үй жарамсыз хәлге жеткен. Дуал қабырғалардың барлығы керіліп кеткен ғой. Осы үйді тұрғызды. Уақытында аяқтады. Үйімізге енді кіріп отырмыз.

Түркістан облысы партиялық жаңғыру жұмыстарын алғашқылардың бірі болып қолға алып, нәтижелі жүзеге асыруда. Бүгінде облыс орталығында Open Space форматында жұмыс істейтін қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Енді бұл жерде облыстық филиал төрағасынан бастап барлық мемлекеттік мекеменің өкілдері тұрақты қабылдаулар өткізіп тұрады. Бауыржан Байбек партияның Түркістан облыстық және қалалық филиалының қызметкерлерімен, аумақтық партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарларымен кездесті. Еркін форматта өткен басқосуда тараптар алдағы бағыт-бағдарларын пысықтады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы