389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет мүшелері Алматының қоғам өкілдері және тұрғындарымен кездесті

  • 206
  • UPD: 22:57, 19.09.2019

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет мүшелері бүгін Алматы қаласының қоғам өкілдері және тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосуда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылған мәселелер талқыланды. Алматылықтар медициналық қызмет сапасын арттыру, спорттық үйірмелердің бағасын арзандату жайын көтерді. Қаладағы мәдениет ошақтарына жөндеу жасалса деген ұсыныс болды. Ашық үкіметті қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінді. Бердібек Сапарбаев ол үшін қоғамдық кеңестердің жұмысын ширату керек екенін айтты. Кездесуде атаулы әлеуметтік көмек мәселесі де назардан тыс қалмады.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

Жылдың аяғына дейін осы АӘК жаңа механизмін жасаумыз керек. Одан кейінгі бұл жердегі ең үлкен талап жұмысқа қабілеті бар отбасылардың азаматтары жұмысқа орналасу керек. Олар үшін енді барлық жағдай жасалған. Мамандығы жоқ болса, олар оқу керек. Сол мамандықты алу керек. Одан кейін ұсынылған сол мамандық бойынша жұмысқа орналасуы керек.

Жұмысқа орналастыру жайы жоғары оқу орындарының студенттері, жастар ұйымдарының мүшелерімен болған кездесуде де айтылды. «Студенттің алдында тұрған ең басты міндет – жақсы білім алып, ел үшін еңбек ету», деді вице-премьер. Соның арасында жат ағымдардан абай болуға шақырды. Елімізде жастарды қолдауға арналған бағдарламалар көп. Сол бағдарламалардың игілігін базардағы жастарға дейін көретін мүмкіндік бар.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

- Ол үшін біз бүгінгі таңда мынау жылжымалы жұмыс беру орталықтарын аштық. Осы үш қалада. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласында. Қазір олар 28 болды. Ондағы мақсатымыз ол базардағы жүрген мамандығы жоқ жастарды оқыту, мамандық беру, одан кейін жұмысқа орналастыру. Екінші бір мәселе оларға мемлекеттің қолдауын, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, айту.

Хабар 24 телеарнасы