389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауға пилоттық Smart City жобасының элементтері енгізіледі

  • 199
  • UPD: 22:59, 19.09.2019

Жоба авторы - «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы. Бүгін аймақ әкімдігімен инновациялық жобаларды жүзеге асыру туралы әріптестік меморандумына қол қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Конференцияда компания өкілдері инфрақұрылымды оператор ретінде жергілікті кәсіпорындарды цифрлық трансформациялаудың жаңа бағыттарын дамыту бойынша ұсыныстарын білдірді.

Бұл меморандум  Ақтауға Smart City пилоттық жобасын іске қосуға арналған бірқатар инновациялық бастама енгізуді көздейді. Атап айтсақ, оларға көпшілікке арналған Wi-Fi, қоғамдық орындар мен көлік жолдарын онлайн режимде бейнебақылау, талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту мен жедел-жәрдемнің диспетчерлік қызметін автоматтандыру кіреді.

Самат Имбаев, «Қазақтелеком» АҚ КБД жаңа өнімдерді дамыту департаментінің директоры:

- Оның ішінде алатын болсақ, тұрғын үй қызметін цифрландыру. Ол дегеніміз – су шаруашылығындағы, электр шаруашылығындағы энергоресурстарды пайдалануды датчиктермен өлшеп, сол арқылы технологиялық шығындарды төмендету. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағдайын жасау. Екіншіден, Ақтау қаласының туристік потенциалы болғандықтан, қаланы қауіпсіз ету барысында бейнебақылау жүйесін қолдану.

Көп қабатты үй аулаларын бейнебақылау жүйесі Ақтаудың бірнеше шағын ауданында қолданыста бар. Бұл өз кезегінде көше қылмысының алдын алуға және ізі суымай ашылуына ықпал етеді. Компания елді мекендерден бөлек мекеме-кәсіпорындарда сымсыз технология түріндегі көптеген инфрақұрылымдық жобаларды енгізуге дайын.

Леонид Муравьев, «Қазақтелеком» АҚ корпоративтік бизнес дивизионының сату жөніндегі директоры:

- Олардың қатарына LORA базалық станциясы, индустриалды қауіпсіздік құралы - «Ақылды каскалар», түтін белгісін беру және радиациялық сигналдарды мониторингтік өлшеу құрылғылары кіреді. Сондай-ақ ақпараттарды сандық үлгіде өңдеу бойынша «Ақылды қала» моделін ерекше атауға болады. Компания тарапынан бұл пилоттық жоба Қазақстанның төрт қаласында жүзеге асады деп жоспарланған.

Конференцияда телеком-оператор өкілдері Қазақстанда жүзеге асқан «Ақылды қала» тұжырымдасының нақты мысалы ретінде Smart Agkol жобасын көпшілікке үлгі ретінде ұсынды.

Айта кетейік, бұл еліміздегі коммуналдық қызметтері толықи автоматтандырылған бірінші қала.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы