389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Халық пен салық: айыппұл туралы ақпарат әлеуметті дүрліктірді

  • 226
  • UPD: 15:00, 20.09.2019

Мүлік салығын төледіңіз бе? Егер қазан айына дейін осы қарыздан құтылмасаңыз 20 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Қазір халыққа  дәл осындай мазмұндағы хабарлама тарап, көпшіліктен маза қашты. Әсіресе оның анық-қанығын білгісі келгендер жаппай құзырлы мекемелерге ағылып, әр жерде ұзын сонар кезек қалыптасқан. Ал байланыс телефондарына күні бойы тыным жоқ. 

Кейінгі кезде көпшілік салық мәселесін жиі талқылай бастады. Әсіресе әлеуметтік желілер арқылы тараған хабарлама әбден зәрені алып, алаңдаушылықты одан сайын арттыра түсті. Анық-қанығын білу үшін елордадағы мемлекеттік кіріс департаментінің мамандарын сөзге тарттық. Айтуларынша, мүлік салығын қазанға дейін төлеу керектігі туралы талап бұрыннан бар. Яғни соңғы екі жылдың көлемінде осындай бастама қолға алынған. Ал одан жалтарғандарға айыппұл салынатындығы жалған дейді. Тек өсімпұл жүреді және оның көлемі анау айтқандай күн санап еселеп артпайды. 

Азат Есмағамбетов, қалалық мемлекеттік кіріс департаменті басқармасының жетекшісі:

- Салықты кешіктіргендерге 8 АЕК көлемінде айыппұл салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұндай жағдайда тек өсімпұл жүреді және оны есептеудің өз әдістемесі бар. Яғни белігілі бір көлемде салық төленбеді делік. Егер ол 5 жыл көлемінде қайтпаса, өсімпұл деңгейі сол қарыздың көлеміне жетеді. Яғни, осынша уақыттан кейін ғана шамамен екі есе өседі. 

Бірақ бұл салықты төлемеу жүре беруге болады дегенді білдірмейді. Құзырлы мекемелер салықтан жалтарғандарға қатысты қатаң шараларды енгізген. Мәселен, қарыз көлемі 50 мың теңгеге жетпесе, тұлғаның банк карталарын бұғаттап, ақша алу мүмкіндігінен айырады. Бұған қоса мүлкі мен көлігіне қатысты да шектеулер бар. Ал егер төленбеген салық 50 мың теңгеден асып түссе, онда ол адамды «қара» тізімге қосып, шетелдерге шығуына тыйым салады. 

Самат Әзберген, жергілікті тұрғын:

- Бір досым шетелге шығу керек болған, сол кезде ғана салық төлемегенін білген. Содан кейін төлеп, мемлекет алдындағы қарызын өтеді. Менде айыппұл кездеспеді. Бәрін уақыты төлеп отырам. 

Бұған қоса қазір мүлік пен жерге қатысты салықтың тым жоғары екені де жиі  айтылады. Елордадағы департамент мамандары оның көлемі өспегенін алға тартады. Бірақ, есептегенде үйдің аумағы, сапасы, жағдайы және орналасқан жеріне қатысты көрсеткіштер қосылады. Соған сәйкес әркімге әртүрлі мөлшерде келуі мүмкін.  Сонымен қатар көшенің, ауданның не қаланың атауы өзгеруіне байланысты да дауруғудың қажеті жоқ дейді. Яғни мемлекеттік кіріс комитетінің ресми сайтына кіріп, нақты қай мекемеге, қай атаудағы мекенжай бойынша және қандай көлемде салық төлеу керектігін білуге болады. 

Авторлары: Аслан Қаженов, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы