389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қапшағайда көп балалы отбасылар қоныс тойын тойлады

  • 208
  • UPD: 15:03, 20.09.2019

Алматы облысы Қапшағай қаласында 15 көп балалы отбасы баспаналы болды. Қоныс той иелерінің бірі қаланың өзінде, басқалары шаһарға қарасты Заречный мен Шеңгелді елді мекендерінде тұрады.

9 баланың анасы Райхан Базаршыбаева «Алтын алқа» иегері. Ол  Шеңгелді ауылындағы балабақшада жұмыс істейді. Ұл-қыздары есейгенімен өздері көп жыл тар үйде тұрған. Отбасы жағдайын ескерген жергілікті әкімдік оларға 7 бөлмелі үйді сыйға тартты. Ал Қапшағай тұрғыны Жазира Нұрмаханованың бес баласы бар. Екі ұлы бірінші санаттағы мүгедек. Көп жыл бойы бала-шағасының бақыты үшін бар күш-жігерін сарқып келе жатқан әйелдің бейнеті ақталып, арманы орындалды. Оларға қала әкімі Капшағайдың орталығынан үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Жалпы Қапшағай қаласы бойынша 1200-ден астам көп балалы отбасы бар. Биыл 452 жанұяға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Жазира Нұрмаханова, Қапшағай қаласының тұрғыны:

- Біз Қапшағай қаласында кезекте тұрғанымызға 11 жылдан асты. Үйлі болып жатырмыз. Өте қуаныштымыз.

Талғат Қайнарбеков, Қапшағай қаласының әкімі:

- Бұл жұмыс ары қарай жалғасын табады. Жақын арада тағы да екі пәтер аламыз. Бүгін 15 үй бюджеттен, екеуі спонсор арқылы беріп жатырмыз. Жылдың аяғына дейін тағы да 3-4 үй аламыз спонсорлар арқылы.

Хабар 24 телеарнасы