389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандық Ташкентке ұшып кеткен

  • 288
  • UPD: 19:45, 20.09.2019
Оңтүстік Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандық Ташкентке ұшып кеткен

Бірден үш елде жол-көлік оқиғасы болған жерден ізін суытқан қазақстандық азамат іздестірілуде.

Оңтүстік Кореяда жерлесіміз баланы қағып кетті. Апат жергілікті қоғам ішінде үлкен дау туғызды. Іске тіпті елдің әділет министрі Чо Гук араласты. Мун Дже Ин Президенті әкімшілігіне қылмыскерді іздеу туралы өтініш түсті.

Владислав Цой, тілші:

– Оқиға он алтыншы қыркүйек күні, шамамен он бес сағат отыз минутта, Кёнсан-намдо провинциясының Чангвон қаласында болды. Тергеу мүддесі үшін апат жасаған қазақстандықтың аты-жөні жария етілген жоқ. Тергеушілер оны «А» мырза деп атайды. Олардың айтуынша, күдікті жиырма жаста, оның бойы – жүз сексен сантиметрге жуық. Көлікпен келе жатып, баланы қағып кетті. Одан кейін тоқтап, баланың құлағанын көрді, бірақ оқиға орнынан ізін суытты. Екі шақырымнан кейін ол көлікті тастап, Инчхон әуежайына кетті. Келесі күні он сағат қырық бес минутта қылмыскер Өзбекстанға ұшып кетті. Көлік тіркелмегендіктен, күдіктіні анықтау үшін тергеушілерге уақыт қажет болды. Күдіктінің есімі дүкенде пайдаланған банк карточкасынан анықталды.

Ан Чжун Хён, Кенсан Намдо провинциясы полициясы бөлімшесінің тергеушісі:

– Екі күннен кейін біз күдіктінің есімін анықтадық, бірақ бір күн бұрын ол ұшып кетті.

Көліктің жылдамдығы өте жоғары болды. Бала артқы көрініс айнасына соғылып, құлаған. Оның жағдайы ауыр. Басына ота жасалды, қазір ол ес-түзсіз жансақтау бөлімінде жатыр. Баланың әкесі қылмыскерді ұстау туралы өтінішпен ел Президентіне жүгінді. Күдіктінің Кореяда заңсыз жұмыс істегені белгілі. Ол елге өткен жылдың шілде айында турист ретінде келген. Корея әділет министрлігі Интерполдан қылмыскерді ұстауды сұрады. Үкіметтік емес ұйымдар мүшелері Сеулдегі Қазақстан елшілігіне күдіктіні ұстап беру туралы өтініш білдірді. Тиісті келісімшарт екі ел арасында екі мың екінші жылдан бастап жұмыс істейді.

Нұрбек Алмашов, ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Қазіргі уақытта бізге белгілі мәліметтерге сәйкес, Қазақстан азаматы шын расында кішкентай баланы қағып кетіп, зардап шеккен баланы жолда қалдырып, өзі оқиға орнынан қашып кеткен. Құқық қорғау органдары тарапынан оны іздестіру шаралары жүргізілуде. Ұсталған жағдайда мәселе құқықтық кеңістік шеңберінде шешілетін болады.

Баланы қаққан жігіт үш күн бұрын Инчхон әуежайы арқылы Оңтүстік Кореядан ұшып кетті. Ол қалай мүмкін болды? Шет ел азаматы заңсыз болса да, Оңтүстік Кореяның көші-қон полициясы оны бұл үшін жазалай алмайды. Құқық бұзушының төлқұжатында тек белгі қойылады, болашақта ол бұл жерге орала алмайды деген сөз. Неліктен ол Астана мен Алматыға емес, Ташкентке ұшып кетті деген сауалға жауап берсек, төлқұжатта белгі қойылған жағдайда, қазақстандық құқық қорғау органдарында құқық бұзушыға сұрақтар туындауы мүмкін. Ал Өзбекстаннан ол жеке куәлік ұсыну арқылы Қазақстанға орала алады. Бұл Қазақстаннан заңсыз келген мигранттармен төтенше жағдайдың алғашқы оқиғасы емес. Ағымдағы жылдың тамыз айында полиция өз-өзіне қол жұмсамақ болған азаматты ұстады. Сәуір айында көші-қон полициясы елу тоғыз әйелді анықтады. Олар туристер ретінде келіп, ойын-сауық орындарында даяшы болып жұмыс істеді. Жалпы Корея Республикасы Әділет министрлігінің мәліметтері бойынша Таңғы самал елінде отыз мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді, олардың 11 мыңнан астамы – заңсыз еңбек мигранттар.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы