389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Су тапшылығынан үржарлық диқандардың еңбегі далаға кетті

  • 245
  • UPD: 20:50, 20.09.2019

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында диқандар шаш-етектен шығынға батып, жаз бойғы еңбектері далаға кетіп жатыр.

Су тапшылығынан қауын, қарбыз алқаптарының жартысы ысырап болып, өспей қалған. Немесе ағарып, тауарлық құндылығын жоғалтқан.

Әдетте гектарынан 50 тоннаға дейін өнім алатын Шолпан ауылының тұрғындары биыл 5-6 есе шығын көріп отыр. Барлық гәп – құрылыс 30 жылдан бері тоқтап тұрған Қарақол су қоймасында.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Ешқандай химиялық қоспасыз, табиғи қалпын сақтап өсірілетіндіктен, Шолпанның қауын-қарбыздары осы өңір ғана емес, сонау Ресейден іздеп келіп алушылар көп. Алайда бұл өнімдердің биыл ондай даңқы жоқ. Өйткені осындай ұсақ болып немесе ағарып ысырап болып жатыр. Мұның бәрі қып-қызыл шығын, дейді диқандар.

Қарақол өзенін жағалап, өзегі талмай отырған 63 шаруа қожалығы бар екен.Олардың көбі қазір диқаншылықпен айналысудан қашқақтап, жер игеруден қалып барады. Солардың бірі – Айқын Болысбеков. Шаруа биыл тамыз айында су тапшылығынан қиындық көргендерін айтады.

Айқын Болысбеков, шаруа қожалығының төрағасы:

– Біздің ең басты мәселеміз – су. Су болмағаннан кейін қауынның түрін көріп тұрсыздар, бәрі ағарып, ысырап болып жатыр. 10 гектар жер еккенмін, соның пайдасынан шығыны көп болып тұр. Қарақол су қоймасы қосылса, біздің шаруамыз да дөңгелеп, халықтың әл-ауқаты да жақсы көтерілетін еді.

Әдетте гектарынан 40-50 тонна өнім жинайтын шаруалар биыл 7-8 тоннаның айналасында қалып отыр. Бұл пайда түгілі, шығынды жаппайды деп, зар илейді жер емген халық. Ал тәжірибелі агроном Бағдат Шуашев болса, су тапшылығы мәселесі шешілсе, жүзеге асырар қызықты жобалар да көп екенін айтады.

Сыйымдылығы 55 миллион текше метр болатын Қарақол су қоймасы өткен ғасырдың 80-жылдары салына бастаған. Алайда 60 процент жұмысы аяқталғанда, қаржы тапшылығынан құрылыс тоқтаған. Қазір 400 гектар суармалы жер ғана игеріліп отыр.

Еркін Ғабдулмулинов, «Қазсушар» РМК ШҚФ Үржар өндірістік учаскесінің басшысы:

– Төмендегі су тарату торабы мен магистарльді каналды жасап бітті, жобасы дайын. Енді Қарақол су қоймасын жасау керек. Негізі Қарақол су қоймасы іске қосылса, біз 15 мың гектарға суармалы жер көлемін жеткіземіз деп ойлаймыз. 

Әзірге су қоймасының нақты қашан іске қосылатыны белгісіз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында алдағы 10 жылда суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін жеткізу жөнінде міндет қойды. Шаруалар осыған үмітпен қарап отыр

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы