389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскемендік тұрғындар үй ауласында жанармай бекетінің салынуына қарсы

  • 213
  • UPD: 22:04, 20.09.2019

Ауламызға жанармай құю бекетін салуға қарсымыз.

Өскемендегі көп қабатты үйдің тұрғындары осылай деп наразылық білдіріп жатыр. Қаладағы кәсіпкердің бірі орталық даңғылдың бойындағы көп қабатты үйлердің арасындағы алаңға жанармай станциясын салып жатыр. Одан қауіптенген тұрғындар қала билігі мен құзырлы органдардан кәсіпкердің рұқсатты қалай алғанына аң-таң. 

Жанармай құю бекеті Зинаида Пастух тұратын үйдің дәл іргесінде салынып жатыр. Зейнеткердің айтуынша, сол маңдағы тұрғындар бәрі жиналып, нысанның іргетасы қаланғанда-ақ атқарушы билікке шағым түсірген. Алайда құзырлы органдардан ешқандай жауап болмаған. Тұрғындар балалардың қауіпсіздігіне алаңдаулы. 

Зинаида Пастух, зейнеткер:

– Жанармай құю бекетінің дәл үйдің іргесінде тұрғаны өте қауіпті. Осыны барлығымыз уайымдап жүрміз. Өткенде құрылыс жүргізіп жатқандардан бір адам келді, бірақ бізге ешқандай құжат көрсетпеді.

Жаңа бекет салынып жатқан жерде бірнеше көп қабатты үй бар. Нысан мен үйдің арасы таяқ тастам жер. Кәсіпкер бастапқыда тұрғындарға мейрамхана салатынын айтқан.

Гүлжазира Үсінова, қала тұрғыны:

– Біз қарсымыз. 2016 жылдан бастап құжат жинаған, бірақ біз білмедік. Ал басында ойын-сауық орталығы, қонақ үй болатындығын айтты. Аяғында жанармай құю станциясын салып жатыр. Үйге өте жақын.

Бензин бизнесін жүргізбек кәсіпкердің өз уәжі бар. Құзырлы органдардан рұқсаты бар екенін және құрылыс барлық талапқа сай салынып жатқынан алға тартып отыр.

Қайрат Жүнісбаев, мердігер компания өкілі:

– Тұрғындармен келіспейміз. Біз тиісті органдардан рұқсат қағаздарын алғанбыз. Құжаттардың барлығы бар. Сондықтан заңсыз емес, заңды.

Жалпы қалада көпқ абатты үйлер мен халық көп шоғырланған жерге мұндай қауіпті нысанның салынуын облыс әкімі де құптап отырған жоқ.  

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысы әкімі:

– Өскеменнің ең жақсы көшелерін жанармай құю станциясына айналдырмау керек. Бұған кім рұқсат бергенін анықтауды тапсырамын. Көше өтуге арналған, ал қосымша қызмет көрсететін инфрақұрылым қаланың басқа бөліктерінде болу керек. Сонда көшеде көлік кептелісі де болмайды.

Өскемен қалалық әкімдігінде жаңадан салынып жатқан жанармай бекеті құрылысына қатысты арнайы жұмыс тобы құрылды. Ал пайдаға берілуге жақын қалған май құю стансасының иесі кәсібін тоқтатады дегенге тұрғындар сенбей отыр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы