389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Нұрлы жер» бағдарламасын игере алмай отырған өңірлер анықталды

  • 311
  • UPD: 22:06, 20.09.2019

Биыл жыл соңына дейін 8 мың көп балалы отбасы баспаналы болады.

Мұндай жанұяларға арналған үйлердің құрылысы былтыр мамырда басталған еді. Бүгінге дейін 3 мыңға жуық пәтер тапсырылды.

Қалғаны жылдың аяғына дейін беріледі. Бұл – «Бақытты отбасы» бағдарламасының жемісі. Жалпы биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен берілетін үйлердің саны өсті.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

– Негізі, биылғы жылы 6 мың көп балалы отбасына пәтер беру жоспарланған еді. Алайда үйге мұқтаждардың көптігі ескеріліп, тағы 2 мың пәтер қосылған. Тұрғын үйлердің көбі өңірлерде салынып жатыр. 4 облыста құрылыс қарқынды жүруде. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері айтты. Құрылыс көрсеткіші құлдырап кеткен өңірлер де бар.

«Нұрлы жер» бағдарламасын игере алмай отырған өңірлердің бірі – Маңғыстау облысы. Көрсеткіш 10 пайызға дейін төмендеп кеткен. Еліміздің бас қаласында да құрылыс қарқыны баяу. Нұр-Сұлтанда 33 пайызға азайған. Басқа өңірлерде жоспар орындалып жатыр.

Былтыр 12 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, биыл 13 млн шаршы метрден асады деп жоспарланып отыр. 8 айдың ішінде 8 млн-ға жуық шаршы метр тапсырылды.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары:

– Көп балалы аналарға айтайын деп отырмын. Екі жолмен бұл мәселені шешіп жатырмыз. Тіпті жағдайы жоқ адамдар «Бақытты отбасымен» несие алып, үй сатып алатын жағдайы болмаса, 3 жылдың ішінде жалға берілетін үй саламыз. Биыл 8 мың үй салдық. Біз үш жылдың ішінде жалға берілетін үйлермен қамтып беруге дайынбыз.

Елімізде 40 мың көп балалы отбасы пәтер кезегінде тұр. Барлығын бірден үймен қамту мүмкін емес, дейді министрдің орынбасары. Биыл 6000-нан астам адамға жалға беретін тұрғын үй салу үшін 32,8 млрд теңге бөлінеді. Көп баласы бар отбасылар үшін 2025 жылға дейін 40 мың үйдің құрылысы жоспарланған. Жыл сайын 6 мың пәтер тапсырылмақ. Жалпы әлеуметтік осал топ үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасы тиімді.

Ләззат Ибрагимова, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы:

– Бұл бағдарлама арқылы қазіргі уақытта 5 мың өтінімді банктерден алдық. 2 500 адамның өтінішін қанағаттандырдық. Қазір олар үй іздеп, құжаттарға қол қойып, несие алып жатыр. 455 отбасы жаңа үйлеріне кірді. 2020 жылдан жақсы жаңалығымыз бар, Президенттің бастамасы бойынша 10 мың отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болады.

Жастар жылы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында жұмыс жасайтын жастар үшін 3 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жалпы 2021 жылға дейін 9 мың жалға берілетін пәтер салу жоспарда.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы