389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыдағы онкологиялық орталыққа қосымша ғимарат қажет

  • 234
  • UPD: 22:07, 20.09.2019

Қарағандыдағы онкологиялық орталықта жылына 12 мыңнан астам адам емделеді.

Бірақ кезегін күткен науқастар одан да көп. Сондықтан қосымша ғимарат қажет. Көптен бері қаузалып келген бұл мәселе ақыры шешілетін болды. Аурухана аумағынан операциялық-реанимациялық блок салынбақ. Құрылысты қаржыландыру жағын Nur Otan партиясы қадағаламақшы. Бұл туралы өңірге жасаған сапарында партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеді.

Еліміздегі ең ірі онкологиялық орталық 360 адамға лайықталған. Мұнда жылына 4500 науқасқа операция жасалады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Қосымша ғимарат қажет. Егер аурухана жанынан жаңа блок салынса, жылына 20 мың операцияға дейін жасауға болады, - дейді Денсаулық сақтау министрі. Әрі кезек күту мерзімін 10 есеге қысқартуға мүмкіндік тумақ.  

Мұратбек Жұмақаев, Қарағанды облыстық онкологиялық орталықтың директоры:

– Бүгінгі өзекті мәселе – операциялық-реанимациялық блок салу. Оның құны 6 миллиард деп отыр. Егер оны салатын болсақ, бізге қазіргі заман талабына байланысты үлкен технологиялық операцияларды жасауға болар еді.  

Әзірге аталған жобаны қаржыландыру мәселесі ақсап тұр. Оны тез арада шешу үшін Nur Otan партиясы күш салады, - деді онкологиялық орталық дәрігерлерімен болған кездесуде Бауыржан Байбек. Сондай-ақ ол құрылыстың сапалы әрі мерзімінде жүруін толық қадағалайтынын айтты. Бұдан соң партия төрағасының бірінші орынбасары өңірдегі кезектен тыс конференцияға қатысып, алдағы жұмыс жоспарын пысықтады.   

Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Өңірдің тұрғындары партияның саяси бағытын жүзеге асыруда әрқашан алдыңғы қатардан көрініп, үлкен табыстармен ерекшеленуде. Өздеріңізге белгілі, партия төрағасы Н.Ә.Назарбаев саяси кеңестің кеңейтілген отырысында партияны жаңғырту бойынша жаңа міндеттер қойды. Осы міндеттерді іске асыруда партия филиалдарының басшылығына үлкен жауапкершілік жүктеліп тұр. 

Кезектен тыс конференцияда Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы болып өңірдің жаңа әкімі Жеңіс Қасымбек сайланды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы