389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәдениет маусымының ашылу салтанатында алматылық 4 көп балалы отбасы пәтер кілтіне ие болды

  • 305
  • UPD: 22:21, 20.09.2019

Алматы облысында алғаш рет мәдениет маусымының ашылу салтанаты өтті.

Бикен Римова атындағы Алматы облыстық драма театрының жаңа ғимараты алдында ұйымдастырылған шара барысында мәдениет саласының майталмандарымен қоса өнерге жаңадан қадам басқан жастар да сахнаға шықты.

Мәдениет маусымының ашылу салтанаты Ақсу, Кербұлақ, Қаратал аудандары мен Текелі қаласында тұратын көп балалы аналарға пәтер кілтін тапсырудан басталды. Жетісу өңіріндегі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, мәдениет саласының қызметкерлері мен ақын-жазушы, асабалар қаржы жинап, 4 көп балалы отбасына өздері тұратын ауылдардан үй алып берді.

Жұлдыз Сұлтанбаева, Алтынемел ауылының тұрғыны:

– Бұл қуанышты жеткізу мүмкін емес. Мен енді көп балалы анамын. Қиналдық, бірақ ойлаған жоқпыз, осылай кілт сыйлайды деп. Рақмет айтамын көмектескен адамдарға. Осындай игі шаралар жалғаса берсін.

Бикен Римова атындағы драма театр мен Сүйінбай атындағы облыстық филармонияға, «Алатау әндері» концерттік бірлестігі мен «Құлансаз» фольклорлы этнографиялық ансамблі сияқты мәдени ұжымдарға биыл 30 шақты жас маман қабылданды. Олар бүгін қала тұрғындарының алдында алғаш рет өнер көрсетті. Алматы облысы әкімінің қолдауымен жыл басынан бері 41 ақын-жазушының кітабы жарық көріп, ауылды аймақтардағы 3 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті.  

Мәрлен Көлбаев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

– Дәл қазір бізде 23 ауылдық мекеменің мәдениет үйін жөндеуге сметалық құжаттама дайын тұр. Келесі жылға қаражат бөлінсе, біз сол 23 ауылдық мекенде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.

Ал Бикен Римова атындағы Алматы облыстық драма театры Балпық би, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров сияқты тау тұлғалардың мерейтойына орай қойылымдар әзірлеп жатыр. Сонымен қатар жаңа театр маусымында «Нұрикамал» әнінің шығу тарихына арналған спектакль де қалың көрерменге жол тартады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы